Хабар телеарнасы

Байзылдаев Байыш (1916-1995 жж.)

Байзылдаев Байыш (1916-1995 жж.)

Менің әкем Байзылдаев Байыш 1916 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Әкем әскери батырлығы үшін І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941–1945 гг.» медалімен және көптеген басқа медальмен марапатталған.

1939 жылы Тамбов ПМУ2-де әскери дайындықтан өтті. Кіші лейтенант, пулемет взводының командирі болып әскери борышын атқарды. Генерал Константин Рокоссовскийдің басшылығымен 2 Белорус майданының құрамында Ресей, Беларусь, Польша аумақтарын азат етті.

Польшада кеуде тұсынан жарақат алды. Әскери хирургтар жүрек түбіндегі гильзаны жүрекке зақым келтіру қауіптігінен отадан бас тартты. Әкем  сол оқпен 50 жылға жуық өмір сүрді.

1944 жылдың қарашасында әскерден босатылды.

Туған жеріне оралып, финанстық оқуын жетілдіріп, көп жыл ерен еңбек етті. Макарон, науат зауодтарының құрылысына белсене қатысты, жұмыстарын абыройлы атқарды. Анамыз Ақбала екеуі тоғыз баласын асырап, оқытып, немерелер сүйді.

Әкем 1995 жылы 29 сәуірде, Жеңіс күніне он күн қалғанда дүниеден озды.

Әкемнің отбасынан тағы үш ағасы Дүйсен, Құламқадыр, Шахан, бір інісі Айіш осы соғысқа қатысты. Дүйсен ағамыз Сталинград түбінде 1943 жылы қаза тапты, Айіш ағамыз белгісіз болып кетті, Құламқадыр, Шахан ағаларымыз соғыстан оралды.

Авторы: қызы Ұлдана Байішқызы