Хабар телеарнасы

Құдайберген Тойлыбайұлы

Құдайберген Тойлыбайұлы

Бұл бір ерекше жанды айтпай кетпеуге де болмас. Біз білмейтін сырлары болған, екі ғасыр өмір сүрген Құдайберген Тойлыбайұлы 1982 жылы Аякөз ауданы, Айғыз ауылының Қурайлы өзені бойында дүниеге келген. Руы – Тоққожа, елі – Найман. Бір атадан жалғыз ұл болса да еркелікті ерте тастаған, ескіше де, жаңаша да хат таныған. Емшілік қасиеті болып, ел кезіп, адамдарды емдеп кеткендіктен, оған анасының өтініші бойынша үлкен қасиеті бар адам «емші емес, үлкен ұста болсын» деп батасын берген екен. Жоғарыдан жарлық келіп, 1916 жылы жас бозбала жігітті зорлықпен ақ патшаның әскері қылып алып кеткен.

Бірінші Дүниежүзілік соғысты да көрді. Екінші дүниежүзілік соғыста арнайы бронмен темірден қажетті құрал-жабдықтар, соқа-саймандар қолдан жасау үшін тылда қалдырылған. Көрікші көмекшісі болып жолдасы Күлшіман болды. Ауылда жүріп «Бәрі де майданға! Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен күні-түні тынбай еңбек еткен адамдардың да еңбегін айтқанымыз жөн деп ойлаймын. Олардың да жеңіс үшін үлесі бар. Осы кісілердің қажырлы еңбегінің арқасында Ұлы жеңіске жеттік.

Бала кезімде бір қызық әңгіме естігенім бар. Аякөз қаласынан өтіп бара жатқан соғысқа қатысқан (аты есімде жоқ) бір командир машинасы бұзылып, ауылдағы жалғыз ұста атамды іздеп келіпті. Қажетті сайманын қолдан, темірден аумай істеп, машинасын жүргізіп бергенде, ол ксі рахмет ретінде өзінің соғыстан алған орденін сыйға тартып кетіпті. Содан 9 мамыр Жеңіс мерекесінде атам ол орденді жылда соғысқа қатысқан соғыс ардагерлері сияқты басқа да алған медалімен қосып кеудесіне тағып шығатын. Шеберлігі сонша тіпті әйел адамдардың да біз өкше сәнді етігін, күмістен түрлі әшекейлерін (сырға, білезік, сақина), саптама етік, қолдан ағаш төсекке күміс, сүйек араластырып жасаған. Аттың ер-тұрмандарын да қайыстан өзі өріп, оюлы күмістермен әшекейлеген. Бес уақыт намазын да қаза жібермеген, кейіннен ауылдың молдасы болды. Жігітке жеті өнер де аз демекші, сегіз қырлы бір сырлы болған. Басына бөрігін шошайтып киіп, ән айтып, аң, балық аулайтын серілік өнері де болған. Газетте жарияланатын КПСС орталық комитетінің секретары Л.И.Брежневтің баяндамаларын да қалдырмай оқып отыратын. Бізге: «Неге оқымайсыңдар?», – деп ескертпелер жасайтын.

Осындай сүйегі асыл, қарапайым, еңбекқор адамның бір ғасыр жасап, 100-ге келіп қайтқанын есте қалдырғанның артығы болмас деп ойлаймын.

Авторы: немересі Тойлыбаева Карлыгаш Баратқызы