Хабар телеарнасы

Сманов Қайранбай

«Сұм соғысқа бір аяғымды беріп келдім. Барға қанағат, жоққа салауат. Кеудемде жаным бар, жүрегімде иманым түгел. Ең бастысы, бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында ғұмыр кешуде. Соған тәубе деймін...»

Әкем Сманов Қайранбай 1921 жылы  Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Әкем жеті кластық білім алып, 1941 жылдың 22 қыркүйегінде майданға аттанады. Псков облысының Великие луки қаласында Ворошиловск атқыштар полкінде бірнеше ай дайындықтан өтіп, 963-атқыштар полкі құрамына алынады. Сталинград  майданында жаяу әскер құрамында шайқаста  жарақат алып, алты ай госпитальде емделіп, 1943 жылдың жазында бір аяғынан айрылып елге оралады.

Әкем ел қорғау жолындағы ерлігі үшін І, ІІ дәрежелі «Отечественная война» орденімен, «За отвагу» медалімен, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков» медалімен және т.б. көптеген медальмен марапатталған.

Елге оралған соң әкем агроном мамандығын алып, ұзақ жылдар бойы еліне қызмет етеді. Көзкөргендер әкеміздің тек ауыл емес, сонымен қатар аудан көлемінде қай жерде, қандай егін егуге болатыны туралы ақылдасушы едік дейді.

Бейбіт жылдары әкеміз «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордені және мерекелік медальдармен марапатталған.

Анамыз Зейнеппен отбасын құрып, 10 бала тәрбиелеп өсіреді. Туған жерге қызмет етіп, салиқалы ғұмыр кешкен әкем 87 жасында бақилыққа аттанды.

Жалындаған жастығында қаншама тауқымет көріп, ер етігімен су кешкен әкемді мен әрқашан мақтан тұтамын.

Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан осындай жауынгер әкелердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Авторы: қызы Әлия Қайранбайқызы Сманова