Хабар телеарнасы

Аман Бекішұлы (1924-2013 жж.)

Аман Бекішұлы (1924-2013 жж.)

Қараша айының 3-ші жұлдызында 90-ға қараған шағында Ұлы Отан соғысының ардагері, Ақжал кенті ақсақалдар алқасының мүшесі Аман Бекішев дүниеден өтті.

Аман Бекішұлы 1924 жылы 10-шы ауылда дүниеге келген. Жалындаған жастық шағы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендіктен де, өзі сияқты балаң жерлестерімен бірге өз еркімен майданға аттанады. 1943 жылы әскери топографиялық отряд құрамында болады. 1945 жылы Маньчжурияға әскери қимылдарға қатысады. Ішкі істер министрлігі әскерінің күзет бөлімінде қызмет атқарады. Соғыс аяқталғаннан кейін де 1946-1948 жылдардың соңына дейін әскери бөлім құрамында, ірі қалаларда аса жауапты міндетті абыроймен атқарады.

Туған жеріне жеңіспен оралған жауынгер соғыстан зардап шеккен халық шаруашылығын қалпына келтіруге майдандағыдай темір тәртіппен араласып, уақытпен санаспай еңбектенеді. Өзінің қажырлы еңбегімен басқаларға үлгі, өнеге көрсете білді. Бейбіт салада ішкі істер органдарында, күзет бөлімдерінде басшы қызметтер атқарған.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін имандылыққа бет бұрып, ауыл имамы болды. Жастарды имандылыққа үндеді. Жігерлі де, талапшыл жан. Аман Бекішұлы «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен, Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен марапатталған. Ардагер ақсақал арына дақ түсірмеген, қашан да парызға адал, сертіне берік азамат болды. Тамырын тереңге жайған асыл азамат, ардақты әке, асқар таудай ата, батагөй қария, ауылдастарының шынайы ықыласына бөленген жан болатын. Оның жарқын бейнесі, ізгілікті істері баршамыздың жадымызда сақталады.

Жаны жәннатта, тәні рахатта болсын.