Хабар телеарнасы

Игіліков Тәуекел (1907 - 1986 жж.)

Игіліков Тәуекел (1907 - 1986 жж.)

Менің атам Игіліков Тәуекел Сайғонды ауылдық советі, Шөмішкөл ауылында 1907 жылы дүниеге келген. Үш жылдық бастауыш білімі бар. Әкесі — Игілік, анасы — Ағира, кәсіптері балық шаруашылығы болған. 1942 жылы Тәуекел атамды БЛКЖО мүшесі Арал аудандық әскери комиссариаттан  әскерге жіберді. 1942 жылы майданға аттанып, 905 АП 248 АД құрамында атқыш ретінде соғысқа қатысқан. Өзімен бірге інісі Игіліков Ұзақбай атамыз да барған. Ол да атқыштар дивизиясында болған. Сөйтіп, Игіліков Ұзақбай атамыз 1943 жылы 13 қаңтарда қаза тауып, Қалмақ АССРі Левый Остров селосындағы Дневное стациясының маңына жерленген екен.

Атам Игіліков Тәуекел елге аман есен, жеңіспен оралып, Ұлы Отан соғыс жылдарында ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, Ерлігі үшін медалімен және Жеңістің 20 жылдығы,30 жылдығы, 40 жылдығы қарсаңында медальдармен марапатталған. Әжем Ағира екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Атам елге оралған соң, балықшы бригадирі болып балық шаруашылығымен айналысқан. 1986 жылы 79 жасында дүниеден өткен. Бүгінгі таңда атамның барлық медальдары, қолданған заттары Шөмішкөл ауылындағы №66 орта мектептің  музейінде сақталып тұр.

Атамның үлкен ұлы Игіліков Өмірзақ 1951 жылы Арал ауданы Сайғонды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Арал аудандық статистика бөлімінде 35 жыл жұмыс атқарған білікті маман бүгінде зейнет жасына шығып, немере қызығын көріп отыр. Қызы Тәуекелова Мариям Қызылжар елді мекенінде сатушы қызметін атқарған. Бүгінде зейнет жасында. Кіші ұлы Игіліков Жасағанберген әке ізін қуып, балықшы болған. Зейнет жасында 4 ұл тәрбиелеп отыр.

Авторы: Жасағанбергенова Нұрлыгүл, шөбересі