Хабар телеарнасы

Сәрсенбаев Әбдеш

Сәрсенбаев Әбдеш

Фашизмге қарсы сұрапыл соғыста қол жеткізген Жеңістің құны біз үшін қымбатқа түсті. Арада қанша жыл өтсе де, жүректерден қанды соғыс ізі өше қойған жоқ. Олар майдан даласында өз Отандарын ғана емес, болашақ ұрпақтар өмірін де ерлікпен қорғады. Жауынгерлердің жасампаз ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Сол ерліктер мен есімдердің ішінде шиелілік Әбдеш Сәрсенбаевтың да аты аталады. Ұлы Отан соғысын бастан кешіп, елге аман оралып, бейбіт күнде қоғам дамуына үлес қосқан Ә. Сәрсенбаевтың өмірі мен ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге боларлықтай. Сонымен, біз көтергелі отырған тақырыпқа нақ осынау майдангер жүріп өткен өмір жолдары арқау болмақ.
Әбдеш Сәрсенбаев 1916 жылы 7 қарашада Шиелі ауданы, Керделі ауылында өмір есігін ашты. Өмірдің өткелдері Ә.Сәрсенбаев үшін алғашқы жылы-ақ асу берместей, ауыртпалығын ұсына берді. Олай деуімізге кейіпкеріміздің бір жасқа толғанында әкесі Сәрсенбайдың бақилық болуы еді. Содан, 1932 жылы ел ішін жайлаған аштықта баласын аман қалдырудың жалғыз жолы деп тапқан анасы  Балбөпе амалсыздан Әбдешті Шиелідегі балалар үйіне тапсырады. Әбдешке өмір ұсынған жайсыз жағдай – 1933 жылы анасы, туған бауырлары Әбжан мен Әділбек те ашаршылықта дүние салады. Сөйтіп, жападан жалғыз қалған қаршадай балаға көмек қолын созған аудандық оқу бөлімінің бастығы Қ.Алмағанбет «үшінші сыныпта оқыды» деген анықтама қағаз бергізіп, оны Шымкент қаласындағы жаңадан ашылған интернатқа жібереді.
Осынау интернатта он жыл оқи жүріп, Ә.Сәрсенбаев белсенділігімен көзге түсіп, осы жерде жұмыста қалады. Бір-екі жыл жұмыс жасап, қаржы жинаған ол сол кездегі жастардың арман қаласы Алматыға аттанады. Абай атындағыпедагогикалық институтына оқуға түсу бағы бұйырып, сонда қалады. Дегенмен, мұнда жүргенінде әскер қатарына шақырылып, 1939 жылы Шымкент қаласынан аттанған эшалон Украинаның Харьков қаласынан бір-ақ тоқтайды. Қатардағы жауынгер Ә.Сәрсенбаев №22-ші айдауыл полкінің сотына жіберіледі. Ал, 1940 жылдың аяғында Фин соғысы басталып кетеді де, сол жерде майданға түседі. 1941 жылы маусым айында тұтқиылдан Германия кеңес жеріне басып кіріп, Әбдеш Сәрсенбаев қызмет атқаратын батальон Сталинград қаласында орналасқан полкіне қайта оралады. Келер жылы, яғни 1942 жылдың 15 қыркүйегінде немістер Сталинградты қоршауға алып, әуеден ұшақпен бомба жаудырады. Осы қырғында оның ротасы үлкен шығынға ұшырап, жауынгерлер мерт болады. Өзі осы шайқаста басынан, аяғынан ауыр жарақат алса да, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сталинград қоршауда қалып, қаланы аштық жайлағанда да тығырықтан шығатын жолды тауып отырды. Сонымен, Ұлы Жеңістің де таңы атып, майдангер Әбдеш бұл қуанышты сәтті Донецк қаласында қарсы алады. Алайда, соғыс біте салысымен елге оралмады. Үш жыл Харьков қаласындағы айдауыл полктерінде взвод командирінің көмекшісі болып, әскери қызметін жалғастыруды ойлайды. Соғыс аяқталғаннан кейін де қоғамдық тәртіпті қорғауға атсалысқан ол бұл іске жан сала кірісті. Майданда шыңдалған сарбаз үшін бейбіт өмірдің тыныштығын күзету қиынға соққан жоқ. Майдангер Ә.Сәрсенбаев 1956 жылға дейін Шиелідегі комендатураның басшылық қызметінде болады. Алайда, 1956 жылы аталған комендатура қысқартылады. Мұнан соң жас офицер аудандық ішкі істер бөліміне қызметке шақырылып, өз біліктілігін таныта біледі. Майданның әрбір қиын кезеңінде бейбіт өмір туралы көп ойлайтын ол сол сәттерде «осыдан елге аман оралсам, тыныштықтың күзетшісі, бейбіт өмірдің сақшысы боламын» деп өз-өзіне серт еткен еді. Дегеніндей-ақ, зейнетке шыққанша бөлімнің учаскелік инспекторы болып, елге үздіксіз қызмет етеді. Жұмыс барысында ол айналасындағы баршаға, әріптестері мен ұл-қыздарына да бейбіт өмірдің әрбір сәті өте үлкен қиындықпен келгенін, бұл жолда қаншама боздақтың жер жастанғанын, қаншама ананың жесір, қаншама баланың жетім қалғанын айтудан еш жалықпады. Қызметін үзбей, сырттай Алматы жоғары милиция мектебін бітіріп алады. Мұнан әрі аудандық ішкі істер бөлімінің партия ұйымын ұзақ жыл басқара отырып,  1974 жылы «милиция капитаны» дәрежесінде құрметті демалысқа шығады. Қаншама боздақтың үміттері мен армандарын күл-талқан еткен сұм соғыстың ел азаматтарының басына салған зұлматтары көнегөз қариялар көңілінен әлі де өшкен жоқ. Өшпейді де. Әбдеш қария балалары мен немерелеріне «Соғыстың жақсысы болмайды. Бүгінгі ұрпақ бейбіт күннің қадірін жете білулері тиіс. Менің және мен сияқты қанды майданның отты даласын кешкен әрбір майдангердің тілегі – ондай ауыр күндерді ұрпақтарымыздың басына салмасын. Ұрпақтарымыз тыныштық пен бейбіт өмірдің аясында бақытты күн кешсін», – деп қайталаудан жалыққан емес. Иә, бауырлары хабар-ошарсыз кетіп, атадан жалғыз қалған Әбдеш Сәрсенбаев қаншама қырғыннан аман қалды. Отбасын құрып, балалы-шағалы болып, тамыр жайды. Бұл да болса, оған қаншама қиындықтардан соң Алланың берген сыйы шығар.  
Ә.Сәрсенбаевтың қан майдан­дағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі өтеусіз қалған жоқ.

Ол «Үздік учаскелік инспектор» атағын алады. Кейін Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде республика ішкі істер министрінің бұйрығымен оған «майор» шені беріледі. Отан соғысындағы ерлігі үшін және бейбіт өмірдегі ішкі істер қызметіндегі атқарған еңбектері еленіп, бірінші және екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. 

Ұрпақтар сабақтастығында соғыс және еңбек ардагері Ә.Сәрсенбаев санатындағы батыр бабалардың  ерлігі де, еліне жасаған еңбегі де еш ұмытылмайды.

Тағдыры түрлі қиындықтармен тоғысқанда да өмір сынақтарында сынбай, шыңдала отырып, елге қызмет жасаған жандардың есімдері ел есінде мәңгілік сақталуы, кейінгі толқын жастарға насихатталуы тиіс.

Авторы: Дәулет Әуелбеков Рахматуллаұлы, немересі