Хабар телеарнасы

Нұрекешов Жұмахмет

Нұрекешов Жұмахмет

Менің атам...

Фашистермен бетпе-бет шайқасқан ұрыста қолына қару ұстауға жарамды ел азаматтары қатарында менің атам Нұрекешов Жұмахмет те бар еді. Қызылорда облысы, Арал ауданы Бөген ауылының тумасы болған менің атам балықшылықты кәсіп етіп, өз еркімен сап қатарын толықтырды. «Есік алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» деген қазақта қанатты сөз бар ғой. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» демекші, көргені мен түйгені мол қариямыздың өнегелі өмірінен сыр шертіп, ерлігін дәріптеу, атам жайлы бір үзік әңгіме айту – ардагер аталар рухына деген тағзым мен ұрпақтық борышым деп білемін. 

Қызылорда облыстық «Боздақтар» естелік кітабында атам жөнінде біршама мәлімет келтірілген. 1901 жылы дүниеге келген Нұрекешов Жұмахмет атам бастауыш білім алып, заман ағымымен балықшылықты кәсіп қылады, отбасы құрады. Кейін 1942 жылы Арал АӘК арқылы №1292, №113 дербес атқыштар бригадасының құрамына қабылданады. Сұрапыл соғыс жылдарында өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, көзге түседі. Кітапта «1943 жылғы 28 қазанда қаза тауып, Днепропетровск облысы, Божедаровск ауданы Петровка деревнясында жерленген» деп көрсетілген. Бірақ атам соғыстың аяқталар тұсында еліне аман-есен оралады. Бірақ мүгедек болып...

Ұлы Отан соғысының ұмытылмас аяусыздыға аз болмаған секілді. Жұмахмет атамның соғысқа құрбандық қып берген жарымжан қолы – зұлмат жылдардың қара дағы, ешқашан ұмытылмайтын, өшпейтін ізі іспетті.

Атам Асылбек әкесі жайында әңгімесінің бірінде: «Әке қолың қайда?» деген балалықпен қойылған сұрағыма «неміс фашистеріне бердім, соғыс алып қойды» деп қысқа қайырды, «не үшін бердің?» деген сауалыма терең ойланып, «болашақ үшін» деп жауап қайтарды да, жарымжан қолына қарап тұңғиыққа бата кетті. Бір қызығы, әкем ешқашан өзін мүгедек адамдай сезінбеді, арланбады, қолын кедергі деп санамады, керісінше ер азаматтық намысының көрсеткішіндей, абыройындай, Ұлы Жеңіс жолындағы болмашы бір құрбандықтай көретін.  

Мен ол кезде небәрі 5-6 жастағы ойын баласы едім. «Мұншалықты жас болмағанымда әке мен баланың әңгімесі мұндай қысқа сұхбатпен тоқтамас па еді, әкемнен сұрарым көп болушы еді» деген атамның әңгімесінен әкеге деген шексіз сағынышын аңғардым. Жұмахмет атам өмірден өткенде менің атам 6 жаста екен. Сол себепті атамның әкесі жөніндегі мәліметтері көп болмады.

Соғыстан кейін еліне оралған атам сол қолының білектен төмен жоқтығына қарамай, бір қолымен ескек есіп, балық аулаған, үй-үйді аралап, қажетті үй жиһаздарын құрап, ұсталықпен айналысқан, тіпті үй де тұрғызған. Көптің алғысын алып, ауылына беделді ақылшы азаматқа айналып та үлгерген. 

«Әкемді «көке» деп атаушы едім. Өте қатал кісі еді, артық сөз, еркелікті жаны сүймейтін, тәрбиеде «баланы жастан» дегенді алға тартатын. Менің ер азамат екенімді, ал ер азаматтың бойына салмақтылық, сабырлылық, тұрақтылық тән екенін жиі айтатын. Бірде балалыққа беріліп, басымнан сипаған көкеме еркелей кеткенім үшін қамшының астында қалғаным әлі есімде...бірақ іштей жақсы көретінін, болашағым үшін алаңдайтынын бала көңіл сезетін. Көкемнің бойындағы қаталдық соғыстың қатал сынынан өтіп, шын болаттай ширыған ер азамат үшін заңдылық екенін кеш түсінгендеймін», – деді атам тағы бір сөзінде.

Мен осындай атаның жанын арының садақасы тұтқан ер жүрек ерлері бар қайсар халықтың ұрпағы болғаныма мақтанамын! Мен бақытты ұрпақпын!       

Жанымызға жайлылық, жүзімізге жарқындық, күлкімізге шынайылықты сый қып берген ардагер аталар мың алғыс сіздерге!

                   

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қосжар ауылы

Асылбек Мирас

Нұрекешов Жұмахмет атаның шөбересі