Хабар телеарнасы

Абдуманнап Атанов (1924-2014 жж.)

Абдуманнап Атанов (1924-2014 жж.)

Менің атам Абдуманнап Атанов 1924 жылы 1 қыркүйек күні бұрынғы Фрунзе ауданы қазіргі Шорнақ ауылында дүниеге келген. Ауылдағы мектепте, кейін Түркістан қаласындағы Калинин мектебінде 10 сыныптық білім алған. Педагогтар курсын оқып, соғыс басталғанға дейін мұғалім болып жұмыс істеген.

Ол 1942 жылы көппен бірге майданға аттанады. Алдымен Самарқандағы кіші офицерлік курсқа 6 ай дайындалып, «бір вагон солдатқа командир болып» оларды майданға алып барады.

 1943 жылдың ақпан айында 2-ші Украина Фронты 684 артиллерия полкінің , 233-атқыштар дивизиясы құрамына қабылданады. Артиллерияда кіші лейтенант болып қызмет етеді.

Орел, Белгород қалаларында Курск дугасында қанды соғыста болады. 3-ші Украина фронты құрамында, кейін Кременчук дивизиясы құрамында болып соғыстағы еңбегі еленіп И.В. Сталиннің  12 дана благодарность және алғыс хатын алады. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.

Украинаның Полтава, Харьков қалаларын жаудан тазартып, Молдавия, Румыния, Бессарабия, Югославияда ерлік көрсетеді.  Жеңісті Австрияда қарсы алады.

Атам 1946 жылы орден, медальдарымен ауылға аман-есен оралған. Абдуманнап Атанов бейбіт өмірде ұстаздық етіп, 42 жыл М.В. Фрунзе атындағы орта мектепте жас ұрпаққа тәрбие берді.

Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, еліміздің өсіп-өркендеуіне өзінің сүбелі үлесін қосып, ауылдың батагөй қариясы атанды. 1949 жылы Зейнеп анамен шаңырақ көтеріп, 10 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді.

2000 жылы 21 наурызда ҚР Қорғаныс министірлігінің бұйрығымен «Подполковник» атағы берілді. Ұлы Жеңістің 76 жылдығында оны құттықтай алмасам да, ұрпағы екенімді мақтан тұтамын. Оның есімі мәңгі жадымызда.

Бізге бейбіт өмір сыйлаған батырларымызды ешқашан ұмытпаймыз!

Авторы: немересі Бобур Абдуманнапов