Хабар телеарнасы

Қожа Асқаров

Қожа Асқаров

Қожа Асқаров – соғысқа дейін, сонау 1930 жылдары, жоғары білім алып үлгерген санаулы қазақ азаматтарының бірі. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Орта Азия әскери-қорғаныс гарнизонында міндетін өтеген әкеміз Алматы жоғары саяси мектебіне Ком ВУЗ-ға түседі. Отбасын асырап отырған зергер әкесі Асқардың дүниеден өткені туралы хабар алған жігіт елге – Қуға (Қу ауылы, қазырғы Егіндібұлақ ауылы, Карқаралы ауданы) оралуға мәжбүр болады.

ҰОС басталысымен інісі Насыр майданға аттанады. Қалған бауырларын асырай жүріп, Қожа Асқаров оқу-ағарту, жетекшілік, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласады.

Соғыс басталғанда әкейге жауапты қызметтер жүктеледі де, броньмен тылда қалдырылады. Алайда Қызыл Әскерінің запастағы офицері, лейтенант шенді Қожа Асқаров соғыстың нағыз қызып тұрған кезеңінде, 1943 жылдың соңына таман, сол кезде хабарсыз кеткен деп саналған жан інісі Насырдың үзілген жорығын жалғастыруға бел буады. Сөйтіп, броньнан бас тартып 2-ші Украина майданына автоматшы болып, майданға енеді. Бастапқыда взвод, кейін рота командирі Қожа Асқаров Ржев, Брянск бағытында жауды шегіндіре отырып, жасағымен алға жылжи түседі. Ұрыстар батысқа бет алады. Олар Неманнан өтіп, Пруссияға беттейді. Алда Румыния, Австро-Венгрия жатқан еді. Ұрыс маневрлерінің байыпты ұйымдастыруы арқасында оперативтік-стратегиялық тапсырмалар игеріліп, жасақ көздеген бағытпен алға жылжудан танбайды. Бірде командир шегінген немістердің Кеңес әскерін бөгеу үшін, тосқауылға қойып кеткен «Фердинанд» орудиясын жою жөнінде бұйрық алады. Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ардагер осы ұрыста бір аяғынан айырылады. «Алғашқы санитарлар көмегінен соң, мені дала госпиталіне жеткізді. Сол күні жаралылар өте көп еді», - деп еске алатын әкем. Жан-жағы ыңырсыған, айқайлаған, естен тана қырылдаған жаралылар үніне толы еді...

«Қансырап өлмеу үшін, қасымнан өтіп бара жатқан санитарларға «мені алға бір-екі метр жылжытып кетші» деп өтініп, олар асығыста болса сүйрете жылжытып кетеді. Өзім де қарманамын, сөйте-сөйте хирургтың маңына жетіп, операция үстелінің бұрышынан оң қолыммен қапсыра ұстап, қаттым да қалдым. «Қаным ағып бітті, ақырғы демім қалды» дегенді айтқым келеді, бірақ үн шығаруға күшім жоқ. Дәрігерлер хәлімді шамалап үлгерді білем, кезекті жаралыны ысыра тұрып, мені үстелге салды. «Гангрена осы тұстан тоқтайды» деседі, арамен егегені сезіліп жатыр, содан есімді госпиталда жиыппын. Сол аяғымның өкшесі ғана қалды... 9 сәуірден 12 қарашаға дейін Харьков қаласындағы эвакогоспитальда емделіп, жазылып қайттым», - деп өз тарихын баядады әкем.

Қожа Асқаров кең маңдайлы, аялы айқын жанарлы, қыр мұрынды, мүгедектігіне қарамастан денсаулық мықты кісі еді. Білімді де ақылды, қажымайтын еңбеккер адам болатын. Соңынан ерген үш баласына жан-жақты тәрбие, жоғары білім берді. 80 жасында инсульттен қайтыс болды.

Авторы: қызы Асқар Назипа Қожақызы