ТОП бейне

Елорда күніне орай «Хабар» арнасы көрермендеріне мерекелік бағдарлама ұсынады

Елорда күніне орай «Хабар» арнасы көрермендеріне мерекелік бағдарлама ұсынады

Демалыс күндері арнамыздан халықтың сүйікті ұлы Ержан Максимнің тұңғыш шығармашылық кеші көрсетіледі. Жас әншінің өнердегі аяқ алысы «Ел мерейі – Ержан» деректі фильмінде кеңінен ашылады. Елорда туралы тың дерек, киелі домбыраны ұлықтайтын «Ұлы дала үні» және өзге де қызықты хабар бес күн қатарынан арнамыздан үзілмейді.

«Хабардың» монтаж бөлімінде жұмыс қызып жатыр. Күндіз де, түнде де мерекелік эфирге әзірлік. Елорда мен Елбасы. Деректі фильмдердің авторлары биыл көрерменге осы екеуін ерекше әрі өзге, қалың көрермен біле бермейтін беймәлім қырынан көрсетуге тырысты.

Үкімет дәлізі, Нидерландыдағы жұмыс кабинеттері, Сан-Франциско көшелері. Бұл – дәстүрлі сұхбат жанрындағы туынды емес, журналист Айгүл Әділованың «Көшбасшы болу өнері» атты эксклюзивті фильмі. Елбасы туралы кезекті, бірақ өз кезегінде тұңғыш туынды. Тұңғыш Президент туралы бұл жолы оның көмекшілері, жеке аудармалары, іскер серіктестері мен достары үзік сыр айтады.

Айгүл Әділова, «Хабар» телеарнасының жаңалықтар және сараптамалық бағдарламалар директоры:

- Бұл кісілер бұған дейін ешқашан кадрдан тыс болған оқиғалар жайлы айтқан емес. Олар – Елбасының еңбегін, күндіз-түні ел үшін жасаған қызметін өз көздерімен көрген адамдар. Мен бұл фильм арқылы Нұрсұлтан Назарбаев нағыз істің адамы екенін көрсеткім келді. Бұл фильмде әдепкі, әдемі сөздер жоқ, бұл фильм жұрт біле бермейтін оқиғалардан тұрады. Сондықтан 6 шілде күні 22:00-де «Хабар» телеарнасының көрермендері Нұрсұлтан Назарбаевты өзге қырынан танып біледі деп сенемін.

Италияның Сан-Ремосы, Ресейдің талғампаз тыңдаушысы, Еуропаның өнерпаздары Қазақстанның шағын ғана қаласынан шыққан шын дарынға талай рет қол соғып, өнерін мойындады. 12 жасында әлемді таңдай қақтырған қазақтың баласы, алғашқы шығармашылық кешін ел ордасында өткізді.

Жас әншінің тұңғыш концертін 7 шілде күні «Хабар» ұсынады. Арнамыздың шығармашылық ұжымы концертке орай «Ел мерейі – Ержан» атты деректі фильм түсірді.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Ержанның бүгінгі жеткен биігі, оның дүние есігін ашқан сәттен бойындағы талантты қалай тапқандығы туралы осы деректі фильмнен табуға болады.

Мереке күндері көрерменнің назарына елорда туралы танымдық бейнероликтер ұсынылады. «Хабар» арнасы бас қаланы басқа қырынан жаңа форматта таныстырады.

Александр Трухачев, «Хабар» телеарнасының шеф-редакторы:

- Әдетте толықметрлі, астананы көшіру, елорда келбеті, оның болашаққа жоспары туралы 45-60 минуттық деректі фильмдер дайындайтынбыз. Ал биыл 1 минут 45 секундтан 6 ролик жасадық. Бұл – елорданың сәнін келтіріп тұрған ғимараттары туралы танымдық бейнероликтер. «Елорда келбеті» деген атаумен шығардық.

Елорданың қуанышы биыл Ұлттық домбыра күнінің тұңғыш мерекесімен қатар келіп отыр. Үлкен концерттен тікелей эфир, ұлы даланың ән-күйі, балаларға базарлық, көркем фильмдер. «Хабар» арнасы көрерменіне 5 күн рухани демалыс сыйлайды.