17:30Эфирде:«Көшпенділер» кино
21:15 Әрі қарай: «Заражение» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қазақ елі Ержан Максимнен жеңіс күтеді

Erzhan Maksim Erzhan Maksim

Қараша айының аяғында Польшаның Гливице қаласында өтетін «Junior Eurovision-2019» байқауында ел намысын Ержан Максим қорғамақ.

Түрлі халықаралық өнер додасында топ жарып, өз қабілет-қарымын миллиондарға мойындатқан жас таланттан халқымыз бұл жолы да зор үміт күтеді.

Түрлі байқауға барарда, алыс сапар алдында Ержан ата-әжесінің ақ батасын алмай жолға шыққан емес. Осыдан екі ай бұрын Мәскеуге аттанарда да ол үлкен шаңыраққа соғыпты. Атасының ақ тілегі мен әжесінің бауырсағына тойыпты.

Гүлжиян Есқалиева, Ержанның әжесі:

- Мен Ержан келеді-ау деген уақытта бауырсақ пісіріп қоямын. Сол менің бауырсағым ерекше ме әлде менің көңілім үшін айта ма, әйтеуір: «Сендердің бауырсақтарың әжемнің бауырсағындай болмайды», – деп айтады.

Ержанның әншілік қабілеті 3 жасынан бастап айқын аңғарылыпты. «Сол кездің өзінде ол үй ішінде ән айтпаса жүре алмайтын еді», – дейді әжесі. Ал 5 жасында саз мектебінде дәріс алған. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, «4 баладан тараған 19 немеренің ішінде Ержанның орны ерекше», – дейді атасы Максим. 8 жасында Сан-Ремодағы байқаудан жүлделі келгенде ол атасының атын әлемге танытуға уәде берген екен.

Максим Есқалиев, Ержанның атасы:

- «Ата, мен сіздің атыңызды әлемге әйгілі етемін», – деді ғой. Өзім ойлаған жоқпын. «Осы Қазақстанға әйгілі етсең де жарайды ғой», – дедім. Бірақ ол сол айтқанында тұрды. Мәскеуге «Голос» байқауына барып келгеннен кейін, жан-жаққа шақыртып жатты. Соның бәрі – өнерінің арқасы.

Содан бері Максим ағамыз ғаламтордан көз жазған емес. Әлеуметтік желі арқылы немересінің не істеп, не қойғанынан хабардар болып отырады.

«Жуырда италиялық әнші Андреа Бочеллидің сүйемелдеуінде ән айтқанын көргенде көңілім толқыды», – дейді ол.

Максим Есқалиев, Ержанның атасы:

- Бочеллимен кездесіп, соның әнін айтып тұрды. Димаш бар, Лара Фабиандардың көзінше ән айтып тұрғанда көзімнен жас шығып кетті. «Соны көрсем, тәлім-тәрбие алсам екен» деген арманы еді. Енді бірінші орынды алып келеді деп ойлаймын.

Ержанның сыныптастары да алдағы өнер додасында жас әншіге жеңіс тілейді. Мектеп табалдырығын аттағаннан бері бірге оқыған достарын шын сағынғандарын айтады.

Меруерт Қайдар, оқушы:

- Қазіргі қатысып жатқан байқауына сәттілік және де жеңіс тілейміз, биік шыңдардан көріне берсін дейміз. Біз оны әрдайым қолдауға тырысамыз және де әрбір жеңісін, әрбір жетістіктерін көрген кезде мактаныш сезімі болады.

Ділназ Макарова, оқушы:

- Балалар онымен сөйлесіп тұрады. Ал Ержанның жоқтығы білінеді. Себебі ешкім ол сияқты ойнап-күліп жүре алмайды. Алдағы байқауда мен оған тек қана жеңіс тілеймін және оған өз дауысымды беремін.

Балалар арасындағы биылғы «Junior Eurovision-2019» байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливице шаһарында өтпек. Оралдық оғланның қазақ елінің намысын абыроймен қорғарына сенім мол.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов

Сондай-ақ...