Хабар телеарнасы

Елімізде үйдің бағасы жылдан жылға шарықтап барады

Қазақстан Ресей, Беларусь, Өзбекстанға қарағанда алда келеді. Өткен жылы ел аумағында 15 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 17 процентке көп. Бірақ елімізде үйдің бағасы жылдан жылға шарықтап барады. Тіпті аймақтарда құрылыс қарқыны баяулап кеткен. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір облыс басшыларын сынға алған болатын. Сонымен қай облыста құрылыс қарқыны баяу? Үй бағасының жыл сайын өсуіне не себеп?

17 млн шаршы метр. 2021 жылы осынша көлемде баспана салынады. Ел тұрғындарын үймен  қамтамасыз ету үшін 2,2 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Бірақ сол салынып жатқан тұрғын үй барлығына бірдей қолжетімді ме? Кейбір өңірлерде үй аламын деп алақанын ысқылап, ақшасын санаған тұрғындар бар, бірақ тұрғын үй жетіспейді. Баспана салудың қарқыны өте баяу. Мамандардың сөзінше, жыл сайын Қазақстан бойынша 20 мың пәтер беріледі. Ал негізгі сұраныс бойынша 200 мың көлемінде пәтер қажет. Демек сұраныстың 90% де қамтылған жоқ. Сондықтан үйге сұраныс артып, баға да өсе береді. Бірақ осыған қарамастан кей статистикалық мәліметтерге сай, еліміз құрқылыс қарқыны бойынша алдыңғы орындарда.

Қазақстандағы соңғы үш жылдағы құрылыс қарқынын салыстыра кетсек. 2019-да 13,1 млн миллион шаршы метр үй салынса, 2020-да бұл сан 15,3 миллион болса, биыл, яғни 2021-жылы бұл көрсеткішті 17 миллион шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. 

Иә, ТМД-да тұрғын үй салудан алда келеміз деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, елде баспанасыз жүргендердің саны азаяр емес. Өйткені нарықта үй қымбат. Үйдің бағасы да құрылыстың қарқынымен қатар өсіп келеді. Қазақстандағы жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің орташа бағасы 2020 жылы 307,6 мыңға бағаланды. Оны 2010 жылмен салыстырсақ, 10 жылда 116,6 % өскені анықталды. Ал 2015 жылдағы көрсеткішпен салыстырсақ, 19,4% өскен.

Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Айбын Құсанбаев