Хабар телеарнасы

Өскемен қаласында 2 мыңға жуық үйді су басуы мүмкін

Оның көбі – саяжайлар мен жер үйлер. Ал Үлбі өзенінің төменгі сағасындағы Согра ықшам ауданын жыл сайын көктемде су басады. Сондықтан өзеннің арнасын кеңейтіп, жағаны бекіту қажет. Жергілікті билік техникалық жобасын да дайындап қойған. Нақты жұмысты бастау үшін қаржы қолбайлау болып отыр.

30 жыл бұрын Үлбі өзені бір ғана арнамен ағатын. Қазір бірнеше салаға бөлініп Согра ықшам ауданындағы кейбір үйлердің іргесімен ағып жатыр. Жыл сайын көктемде жағаға жақын үйлерді су басады. Елді мекеннің тұсындағы 5 шақырымға жуық арна соңғы 20 жылда бірде-бір рет тазаланбаған. Былтырдан бері суды ескі арнаға салу бойынша жұмыстар басталған.

Қаныш Мұқажанов, қала әкімінің төтенше жағдайлар бойынша бас инспекторы:

- Қазір мемлекеттік сараптамада жоспар жасалып қойды. Енді осы 1-2 айда шығады деп отырмыз. Одан кейін әрі қарай қосымша ақша не облыстан, не республикадан сұраймыз. Ал енді 800 млн-дай ақша керек.

Дәл осы Согра елді мекенінде 662 жер үй бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша соңғы 5 жылда көктем сайын бұл аумақ көлге айналады.

Олжас Керейхан, тілші:

- Жалпы қала бойынша су басуы мүмкін 22 аумақ анықталды. Сондықтан атқарушы билік тасқынға тосқын жұмысты өте ерте бастады. Ал мынау Үлбі өзенінің төменгі сағасы. Өзеннің екі жағасында бірнеше елді мекен бар. Өткен жылы бірнеше жүз үй су астында қалған. Егер күн райы күрт жылынса биыл да су тасқыны болуы мүмкін.

Қалаға былтырғыдай қарғын су қаптамас үшін шағын өзендер мен арықтарды тазалап, қосымша су ағарлар жасауға биыл 60 млн теңге бөлінді. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасынан 60-тан астам техника мен 100-ден астам маман дайын отыр.

Дастан Ахметов, қалалық ТЖ басқармасы басшысының орынбасары:

- Күнделікті мониторинг жүргіземіз. Әр сенбі, жексенбі қаупі бар жерлерде қала бойынша жергілікті атқарушы органмен құтқарушылар, полиция бөлімшелерімен бірлесіп үгіт-насихат жүргізудеміз.

Биыл қар өте мол жауғанымен, наурыз айы туғалы біртіндеп еріп жатыр. Қазгидромет мамандары наурыз айының соңына қарай ғана күн күрт жылынуы мүмкін екенін ескертті.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин