Хабар телеарнасы

Елімізде тағы төрт түзеу мекемесі жұмысын тоқтатты

Өйткені жаза басып, сот алдына баратындар саны 50 мыңнан 31 мыңға кеміген. Нақты қай өңірлерде түрме азайды? Жұмысы тоқтатылған мекемелердің ендігі мақсаты не болмақ?

Бұл Астанадағы ЕЦ-166/22 қоныс калониясы. Қазір мұнда бір ғана күзетші қарайып отыр. Бұрынғы жылдары екі қабаттық ғимаратта 100 адамға дейін жазасын өтеген. Соңғы жылдары олардың саны кеміп, қырыққа түскен. Сондықтан мекемені жабу жайлы шешім қабылданған. Асхана, жуынатын орын, жатын бөлме, спорт зал қаңырап бос тұр.

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Астанадағы бұл қоныс калониясы Қазақстанда осы жылы жұмысын тоқтататын түрменің бірі ғана. Аймақтарда осыған ұқсас тағы үш мекеме бар. Ондағы 2,5 мың жазасын өтеуші қазір басқа орындарға көшірілуде.

Қайрат Асыл, ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бөлім бастығы:

- Қазіргі уақытта қылмыстық атқару мекемелерінде, жақын жердегі мекемеде жаза өтейді. Сол себепті бұл мекеме жабылғанда сотталғандар көршілес Ақмола облысындағы Көкшетау қаласына ауыстырылады. Сол жерде жазасын өтейді.

Бұған дейінгілерін айтар болсақ, 2015-2018 жылдары қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 8 мекеме жабылған. Олар Павлодар, Қаражал, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Балқаш пен Ақтау және Семей қалаларында болатын. Түрмелерді жабу тек қана ондағы жазасын өтеушілердің қысқаруымен байланысты емес.

Қайрат Асыл, ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бөлім бастығы:

- Қарағанды облысында Қаражал деген өте шалғай жер бар. Ол жерге сотталғандарды жеткізу де, оларды белгілеу заттарын қамтамасыз ету де қиындыққа соғады. Жембі деген жердегі К168-5 деген мекеме де өте шалғай орналасқан. Материалдық, техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету қиындық тудырады.

Қазақстанда енді түрлі деңгейдегі 82 түрме бар. Онда 31 мың адам жазасын өтеп жатыр. Ал қызметі тоқтатылған ғимараттар жергілікті билік балансына беріледі. Сондықтан олардың ендігі мақсатын солар шешеді.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аманжол Байғазин