Хабар телеарнасы

Үйге мұқтаж көпбалалы отбасыларға дайын пәтерлер сатып алынады

Ал жалпы биыл елімізде бас-аяғы 13,1 млн шаршы метр баспана салынбақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді. Былтыр Қазақстан бойынша 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Ал жыл басынан бері республика бойынша 15 мың баспана беріліпті.

Қазақ: «Үйі жоқтың күйі жоқ», – дейді. Біліп айтқан. Кезінде әріптестеріміздің: «Бұл баспана бағасы масқара, ал кілті басқада», – деп айтқаны есімізде. Енді талайдың бітпейтін ісіне, талайдың тәтті түсіне айналған баспана мәселесі жыр болмайды. Елбасы тапсырды, Үкімет іске асырды, игілігін көретін күн де алыс емес. Көпбалалы отбасылар тезірек үйлі болу үшін биыл 25 млрд теңгеге дайын пәтерлер сатып алынады. Министр Роман Скляр: «Мамыр айында көпбалалы отбасыларға 1,5 мың пәтер беріле бастайды», – деді. Ал жыл соңына дейін 6 мың көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайды.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- 1 мамырдан бастап өңірлерде көпбалалы отбасыларға пәтерлер беріле бастайды. Биыл 6 мың, алдағы 7 жылда 40 мыңға жуық пәтер беріледі. Ертең Мәжілісте осы пәтерлердің қаражаты қаралады. Сәуірде осы жылда салынатын үйлерідің бюджеті бекітіледі деп отырмыз.

Биыл елімізде бас-аяғы 118 мың жаңа пәтер салынады. Дегенмен Астана қаласы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында пайдалануға берілген үйлердің қарқыны төмендеген. Әкімдер: «Реттейміз», – деді. Енді Жастар жылына орай Астана, Алматы мен Шымкентте жұмыс істейтін жастарға бір мың жалдамалы пәтер салынбақ. Премьер-Министр Асқар Мамин: «Әкімдер мен тиісті мемлекеттік органдар жер бөлу, инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстарының қарқынын үдетсін, үйге қажетті құрылыс материалдарының 90% отандық өнім болсын», – деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет. Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Елбасының әлеуметтік бастамасына сәйкес мұқтаж отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы екі жылдың ішінде 22,5 мың отбасы жеңілдікті несие алады.

Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың назарына! «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй алу үшін әкімдік тарапынан берілетін 1 млн теңгеге дейін сертификат ала аласыз. Яғни ол ақшаны қайтармайсыз. Кемінде пәтер құнының 10% төлеуіңіз шарт. Сізге 2% несие 20 жылға дейін беріледі. «Бұл тезірек үй алуыңызға және ақшасын қиналмай төлеп шығуыңызға үлкен мүмкіндік», – дейді Үкіметтегілер.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Қанат Әбілдин