Хабар телеарнасы

Nur Otan партиясы елорда атауының өзгертілуін қолдайды

Бұл – Nur Otan партиясының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың пікірі. Ол бұл бастаманы «Елорда дамуының жаңа кезеңі» деп қабылдауға шақырды.

Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл жерде әңгіме ауқымы кең болады. Біз енді Астанамыздың атын өзгерту арқылы Елбасының саясаты әрі қарай жалғасатынын, Елбасының сыртқы саясаттағы басымдықтарымыз әрі қарай жалғасатынын барлық қазақстандықтарға, бүкіл әлемге жариялап отырмыз. «Елбасының стратегиялық мақсаттарының әрі қарай жүзеге асуының манифестациясы» десек артық болмайтын шығар. Сыртқы саясаттағы негзгі біздің принциптеріміз – барлық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастар сақтау, экономикалық қарым-қатынасты дамыту, бітімгершілік функцияларымызды әрі қарай жалғастыру.

Нұр-Сұлтан – әлемге Қазақстаннан да танымал бренд. Осыны болашақта жастар ұтымды пайдалана білуі тиіс. Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қала атауын өзгертуге қатысты осындай ой білдірді. Оның айтуынша, әлемде 100-ден астам елде қала атауы мемлекет негізін қалаушылар, атақты, даңқты адамдардың құрметіне қойылған. Елімізде «Астана Балет», «Астана Опера», «Астана Арена» секілді бірнеше маңызды нысан бар, олардың атауы өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ елорда атауын өзгерту бюджетке айтарлықтай салмақ салмайды. Себебі құжаттарды жаппай ауыстырудың, қажеті жоқ. Ал қала тұрғындарын кешелі бері мазалаған сұраққа қала әкімі былай деп жауап берді.

Бақыт Сұлтанов, қала әкімі:

- «Енді қалай бір-бірімізді атаймыз?» деген сұрақтар болып жатыр. Бір-бірімізді «астаналық» дей береміз. «Мен Нұр-Сұлтан қаласынан келдім, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымын» деп айтуымыз керек. Елбасы, Тұңғыш Президенттің ролі, Қазақстанды құру, шекараны шегелеу, жаңа астанасын құру, оның терезесін басқа елордалармен тепе-тең қылу оңай жұмыс емес. «Нұр-Сұлтан» деген ат Қазақстаннан да танымал. Жаңа басқарушылар осы брендті қолдану керек.