Хабар телеарнасы

Елорданың атын «Нұр-Сұлтан» деп атауды ірі өндіріс пен фабрика жұмысшылары қолдайды

Бұл елдегі ішкі тұрақтылық пен тыныштықты ұйыстырып, елді басқара білген тұлғаның арқасы. Бұл ретте Елбасының бүкіл ерік-жігері мен қайрат-күшін аямай төккені қазақ елінің қазіргі жетістігімен өлшенеді.

Сондықтан елорданың атын «Нұр-Сұлтан» деп атауды ірі өндіріс пен фабрика жұмысшылары қолдайды. Осыған орай еліміздің әр аймағында мерекелік шаралар мен жиындар өтті.

Шығыстағы металлургия өндірісінің жүрегі саналатын бұл зауыттағы жұмысшылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Кәсіпорын алдындағы алаңқайға жиналып, Наурыз мейрамын тойлап жатыр. Ал жергілікті өнер жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашты.

Металлургтер үшін Елбасының есімі ерекше. 20 мыңнан астам адам еңбек ететін ұжым Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін елордаға беруді қолдап отыр. Кәсіпорын жыл сайын мыс пен мырыш және сирек кездесетін металдың 1 млн тоннадан астамын шет елге экспорттайды. Өндірістің мұндай қарқынға жетуін қазіргі жұмысшылар үнемі Елбасының бақылауында болғанымен байланыстырады.

Нұрлан Омарбеков, «Казцинк» ЖШС кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары:

- Біз, металлургтер елорданың «Нұр-Сұлтан» деп аталауын жан-жақты қолдаймыз. Тұңғыш Президентке алғысымызды осылай білдіруіміз керек. Шетелде болғанда және ол елдегі әріптестеріміз біздің елге келгенде, Қазақстан туралы сөз болғанда, барлығын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады.

Шымкенттің орталық ипподромына жиналған 20 мыңнан астам тұрғын өз қолдауларын осылай білдірді. Бұл күні орталық атшабарда халықаралық «Ashyk aspan» фестивалі өтті. Қаланы танымал әншілер әнге бөледі. Ал концерттің соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі:

- Мен бұл шараға арнайы шаһар халқын құттықтауға келдім. Фестиваль халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Біз алдағы уақытта Шымкентті әуе шарларының астанасы ретінде көргіміз келеді. Себебі келесі жылы бұл шаһар ТМД-ның мәдени астанасы атанады.

Азат елдің астанасы - Нұр-Сұлтан. Мұнайлы өңір жастары осылай қолдап жатыр. Атырау облысында бүгінде 28 мыңнан астам жас тұрады. Олардың екі мыңынан астамы арнайы жиналып, елордаға Тұңғыш Президент атын беруді қолдап, пікірлерін білдірді. Ал елімізге танымал өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.

Махамбет Асқарұлы, колледж студенті:

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көшбасшылығымен, көрегенділігімен, ерен еңбегімен еліміздің басына біткен нар тұлға деп айтсақ, артық емес. Еліміздің жүрегі болған астана атауын «Нұр-Сұлтан» деп ауыстыру дұрыс шешім деп ойлаймын.

Елорда – әр ұлт пен ұлыстың ұйысқан жері. Бұл тұрғыда Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік саясатқа әсер ететін түрлі шешімдердің қабылдануы баршаға үлгі. Бұл – Ақтөбедегі Достық үйінде бас қосқан Ассамблея мүшелерінің пікірі. Қоғамдық институт өкілдері Елбасын елорданың негізгі сәулетшісі санайды. Сондықтан бас қаланың Нұр-Сұлтан аталуы дұрыс шешім.

Марат Қойлыбаев, спорттық-патриоттық клубтың төрағасы:

- Нұр – аспаннан түсіп тұрған, «Алланың нұры жаусын!» деген мағына. Сұлтан билікті білдіреді. Астананың осылай аталуында дәстүрімізге, дінімізге, тілімізге қарама-қайшы келіп тұрған ештеңе жоқ деп түсінемін.

Ертіс өңірінің металлургтері мен мұнайшылары елорда мен Елбасы егіз ұғым деп біледі. Бас қаланы «Нұр-Сұлтан» деп атауды қолдаған электролиз зауытының мыңға жуық еңбеккері арнайы шара өткізді. Бұл өндірістің негізін қалауға Тұңғыш Президенттің өзі де қатысқан. Сондықтан зауыт жұмысшылары Елбасының еңбегін ұмытпақ емес.

Александр Клименко, металлург:

- 10 жыл бұрын баршамыздың арманымыз орындалды. Павлодар жерінде гилоземнен алюминий өндіріле бастады. Бұл Тұңғыш Президентіміздің да арманы еді. Бүгінде жазық далада бой көтерген зауытта қаншама адам табысты еңбек етуде. Олардың басым бөлігі жалынды жастар. Біз Елбасына ризамыз, елорда атауының «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілгені дұрыс шешім деп білеміз.

Еліміздің әр өңірінде Ұлыстың ұлы күні әлі тойланып жатыр. Осы мерекеге жиналған ел-жұрттың көбі Елбасының есімін елордамен байланыстыратынын айтады.

Авторы: Олжас Керейхан