Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық газеттерге сұхбат берді

Президентке барлығы 16 сұрақ қойылды. Берілген жауап елдің ендігі даму көкжиегін айқындап берді. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын қамтыған кең көлемді сұхбатта Президент қазақ тілінің мәртебесі, Үкіметтің ауысуы мен көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту, жемқорлықпен күрес мәселелеріне кеңірек тоқталды. Президентке қандай сұрақтар қойылды, қандай жауап берілді?

16 сұрақ. 16 жауап. Сұрақ салмақты, жауап жан-жақты. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің басылымдарға Президент ретінде берген алғашқы көлемді сұхбаты. Тек қазақ тілінде.

Кіріспе сұрақ алғашқы сапар жайында. Президенттік өкілеттігін алып, ант берген Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші күн дегенде Түркістан топырағына ат басын тірегені белгілі. «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің сұрағына жауап бере отырып, Президент үш ұғымға негізделген ұстанымына тағы бір мәрте тоқталып өтті.

Сабақтастық – Елбасы ісінің жалғасуы, әділет – ауыр да болса тәуір жол, ал ілгерілеу яки даму айтпасақ та түсінікті. Ал «Aiqyn» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіптің биліктегі екіұдайлық қаупіне Қасым-Жомарт Тоқаев былай де жауап береді:

«Тәуелсіз еліміздің бүгіні өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Түрлі сәуегейлік жасаушылар бұрын да болған, қазір де, кейін де бола береді. Ең бастысы біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Тағы да қайталап айтамын, бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Және мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін».

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Шенеуніктерге қарапайымдылық жетіспейді

Өткен сәрсенбіде Қасым-Жомарт Тоқаев қала мен облыс әкімдерін Ақордаға жинап, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматын ұсынды. Президенттің пәрменімен облыс әкімдері әлеуметтік желілерде жаппай жеке парақшаларын ашып жатыр. Тіпті Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнайы курстар ашылып, шенеуніктерге халықпен қалай сөйлесу қажеттігі үйретілмек.

«Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды».

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлттық қордың игілігін болашақ ұрпақ көруі тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық қордан трансферттер көлемін біртіндеп азайтамыз», – деді. «Себебі Ұлттық қордың игілігін болашақ ұрпақ көруі тиіс. Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қатысты мемлекеттік қолдау азаймайды», – деді Мемлекет басшысы. Әсіресе көпбалалы аналардың жағдайы жіті назарда болмақ. Тек Үкімет пен әкімдер бюджет қаржысын түпсіз құдық еместігін ұғынуы тиіс дей келе, Президент бюджеттің «жөнсіз шығындарын» азайту қажеттігін тағы бір мәрте айтып өтті.

«Біз бюджетке қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Мысалы жергілікті әкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын әлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, сондай-ақ бюджеттің жымқырылуын мүлдем жою керек».

Сұхбат барысында Президент Үкіметтің ауысуы туралы өз ойын білдірді.

Президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Үкімет жақында ғана жасақталғаны белгілі. Қазір көптеген қауырт жұмыс бар. Министрлерге нақты тапсырмалар берілді. Съез тапсырмаларын орындау, көктемгі тасқын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусымдық міндеттер тұр. Сондықтан қазіргі кезде Үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – рухани жаңғырудың ең шешуші кезеңі

Сұхбат барысында Президенттің латын графикасына көшудегі ендігі қадамның қандай болмағы да сұралды. Президент өз жауабында латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен, нақты белгіленген кесте бойынша жалғаса беретінін айтты. Сұхбат соңында Нұртөре Жүсіптің сұрағына жауап бере отырып, Президент қазаққа қажет емес екі мінезді мінеді.

«Даңғазалық, ысырапшылдық. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет. Осы туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікірімді де жаздым. Ұлы Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды», – дейді. Бізге надандықтан құтылу қажет».