Хабар телеарнасы

Белгілі тұлғалар Президент туралы ойларын ортаға салды

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қатарластарынан көш ілгері болатын. Сөздің киесі, жазушы әкесінен дарыды. Ал тілді тез меңгеріп алуды шет тілдерінің ұстазы анасынан үйренген. Бұл – Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың беймәлім өмірдастанынан үзінді. Халық Мемлекет басшысы жайында не біледі?

Кеңес Үкіметінің дипломатиялық мектебін көрген. Әр сөзін таразылап, екшеп айтатын саясаткер. Ол: «Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен әлем конфессияаралық арағайындыққа мұқтаж», – деп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті бастамасын жаһан лидерлеріне жеткізіп тұр. Оның келіссөздердің шебері, әлем тілдеріне жатық екенін білген соң, Елбасы жауапты миссиямен мұхиттың арғы жағына жиі жіберетін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оған Сыртқы ведомствоны басқару міндеті жүктелді. Бұл Қазақстанның әлемге өзін таныстырып, елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасауға талпынған жылдары.

Чжан Дэгуан, ҚХР Қазақстандағы алғашқы елшісі, ҚХР Сыртқы істер министрінің экс-орынбасары:

- Тоқаев мырза менің жақын досым. Көп жылдар бойы жұмыс барысында біздің жолымыз түйісіп, талай мәрте кездескенбіз. Ол – өте сыйлы, ел сенімін артуға тұратын және сол халық сенімін ақтайтын азамат. Мемлекеттің экономикалық-саяси жағдайын толық білетін, өмірлік тәжірибесі мол саясаткер. Сондықтан мен Қазақстанның болашақтағы дамуына сеніммен қараймын.

Саясаткерлердің арасында мықты серіктес болатындары бар, бірақ кейін дос болып қалатындары некен саяқ. Ол үшін адамның сүйкімі, құрметке лайық қасиеттері болуы керек. Қытайдың Қазақстандағы тұңғыш елшісі Тоқаев туралы жылылықпен әңгімелейді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы хатшысының орынбасары қызметіне кіріскен тұста Тоқаев өзінің алдындағы орынбасар Сергей Орджоникидзенің есінде терең ойлылығымен, алғырлығымен, ақкөңілділігімен қалыпты. Алайда керек кезде оның кесіп түсетін тік мінезі барын онымен қызметтес болғандар жақсы біледі.

Виктор Киянница, Қасым-Жомарт Тоқаевтың экс-баспасөз хатшысы:

- Қасым-Жомарт Кемелұлының Премьер-Министрлікке тағайындалуын сол кезде барлығы бірдей қабылдаған жоқ. «Тоқаев – дипломат, жылы кабинетте отырған, ал Үкімет басшысы қара жұмысқа дайын, іскер болуы керек» деп ойласа керек. Бірақ кейін онымен бірге ел аралағанда оның зауыт қызметкерінің де, басшы-инвесторлардың да тілінде сөйлей алатынына көзім жетті.

Тоқаевтың мінезін Үкімет басқарған кездегі мына бір сөзінен-ақ аңғаруға болады.

Десе де, Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты әріптестерінің ортасында ол өте сыпайы, интеллектуал, керек десеңіз жұмсақ деген де пікір қалыптасқан. Жұмсақтығы бекзаттығының бір көрінісі болса керек. Мына суретте Қазақстан Президенті алматылық мектептердің бірінің оқушысы. Суреттің астында «Пән олимпиадасының жеңімпазы Тоқаев» деп жазылған. Оның білімге, жазушылыққа бейімділігі әкесі Кемел Тоқаевтан дарыса керек. Тоғыз кітаптың авторы, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерінде еркін сөйлейді. Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын оның твиттер парақшасының да үш тілде жүргізілетінін байқауға болады. Жазбалар күн үзбей салынады. Демек демалыс деген жоқ. Есеп үшін емес, нәтижеге жұмыс істейді. Міне таңертең Қосшы ауылының тұрғындары су жоқ деп шағымданады, ал кешке Президент Үкіметке тапсырма береді. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының тағы бір қыры.

Авторы: Азамат Алдоңғаров