Хабар телеарнасы

Үкімет отырысында жыл бюджетінің кіріс-шығысы есептелді

Енді атқарушы билік ширақ қимылдауы қажет. Себебі халықтың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттеме уақытында орындалуы керек.

Асқар Мамин Үкімет мүшелерін түгел жинап, атқарылған шаруалар мен алдағы мақсат-міндеттерді тағы бір пысықтады. Жиында ел қазынасының 7 айдағы табысы мен шығыны сөз болды. Бюджет салыстырмалы кезеңнен 114% артық толықты. Табыс 5 трлн теңгеге жуық. Үкімет отырысында қай салалар өсім көрсетіп, қай салалардың ілгері баспағаны айтылды. Қаржы министрлігі бөлінген бюджетті игермеген икемсіз ведомстволардың тізімін жариялады.

Үкімет 2019 жыл бюджетінің 7 айда орындалуын талқылады. Әр басшы ведомствосының кіріс-шығысын отырыс үстінде де қайта қарап, пысықтады. Бюджет 7 айда жоспардан 79 млрд теңгеге артығымен толығыпты. Құрылыс, сауда, көлік, өңдеу мен өндіріс салалары кемі 5%, көбі 18% өсім көрсеткен. Бөлінген қаражаттың игерілуі бойынша 6 трлн 695 млрд теңгені мемлекеттік органдар тиімді жұмсаған. Десе де, 72 млрд игерілмеді. Оның 15 млрд-ды үнем болса, 57 млрд министрліктердің есепшотында жатыр.

Берік Шолпанқұлов, ҚР бірінші қаржы вице-министрі:

- Ішкі істер министрлігі 8,8 млрд, Ауыл шаруашылығы министрлігі 7,4 млрд, Цифрлық даму және қорғаныс, аэроғарыш министрлігі 6,2 млрд, Мәдениет және спорт министрлігі 4 млрд теңге.

Сондай-ақ аутсайдерлер тізімінде елорда мен Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бар. Қаржы министрлігі тиімсіз жұмсалған ақшаның да есебін берді. Тексерілген 719 млрд-тың 121 млрд-ды бойынша сұрақ туындап отыр.

Берік Шолпанқұлов, ҚР бірінші қаржы вице-министрі:

- Аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 121 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Аудит жүргізу барысында 114 млрд теңгенің бұзушылықтары түзетілді. Оның ішінде 7 млрд теңге қалпына келтірілді, 2 млрд өтелді және 105 млрд теңге есеп бойынша көрсетілді.

7 млрд теңгенің тағдыры белгісіз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр қолданысқа берілген баспана бойынша есеп берді. 7 айда 6,5 млн шаршы метр тапсырылыпты. Бұл – жылдық жоспардың жартысы ғана.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Республика бойынша барлығы 55849 баспана пайдалануға берілді. Тұрғын үйді тапсыру көлемінің артуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 7 өңірінде жалғасуда. Көш бастағандар: Түркістан, Қызылорда, Қостанай облыстары.

Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстаудың көрсеткіштері мардымсыз. Министр жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Жүйелі жұмыстың есебін Үкіметке Ерболат Досаев ұсынды. Президенттің тапсырмасына сәйкес 300 мың теңгеге дейін кепілсіз несие алып, өтей алмағандардың тізімі толық жасақталды.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

- Берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады. Азаматтар банктер мен микрокредиттік мекемелерге өтініш жасамайды. Берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізеді. Одан кейін кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жібереді.

Тағы 1 млн 200 мың адамның несиесі бойынша өсімпұлдары кешіріледі. Өтеусіз кредит портфельдерінен құтылған қаржы ұйымдары 33 млрд 600 млн теңгеге көз жұмуға дайын.

Авторы: Нұрлан Оспаналы