Хабар телеарнасы

Бейбіт шерулерге шығу үшін арнайы орындар беріледі

Бұған дейінгі аңдатпада айтылғандай Президент адам зорлау, есірткі саудасы және басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар өткір де өзекті мәселелер қамтылды. Президент ұстаздардың жалақысын көтеру, ішкі істер органдарында реформа жүргізу, жер мен тіл мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елде митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтып, бейбіт акцияларды ұйымдастыруға рұқсат берілуі керектігін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер мұндай бейбіт акциялар заң мен азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, онда қолдау білдіріп, заңда көрсетілген тәртіп бойынша оларды өткізуге рұқсат беру керек. Ол үшін арнайы орын бөлу қажет. Бұл орындар қаланың шетінде болмауы керек. Егер тәртіпсіздікке жол беріліп, Конституцияға сай емес іс-әрекеттер жасауға үгіт-насихат жүргізілсе, заң аясында тиісті шаралар қолданылатын болады.