Хабар телеарнасы

Алматыдағы С-300 зениттік зымыраны әскери міндеттерді атқаруға дайын

Алматы қаласының маңындағы әскери базалардың бірінде қайта жөндеуден өткен С-300 зениттік зымырандар кешені көпшілікке таныстырылды.

Айта кетейік, ҚР әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімшелері режимдік мекемелер болып табылады. Дегенмен, Тәуелсіздік мерекесіне орай БАҚ өкілдері гарнизондардың құрамалары мен әскери бөлімдерінің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Алдымен жауынгерлермен жүздесіп, артынша С-300 зениттік зымыранын жақыннан білуге тырыстық.

Сергей Романенко, аға лейтенант:

- Сіздер көріп отырған С-300 техникасы – әуе шабуылына қарсы шығарылған озық техникалардың бірі. Бұл зениттік зымыран кешені шағын және төмен ұшатын нысандарды жоюға арналған. Ол бір мезетте 6 нысанаға оқ жаудырып, 30 метрден 1200 метрге дейін күшті жылдамдықпен ұшатын нысандардың көзін жоя алады.

Қорғаныс саласындағы заманауи үлгідегі С-300 зениттік зымыраны осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдін әкелінген болатын. Отандық «Гранит» арнайы конструкторлық және технологиялық бюросында күрделі жөндеуден өткен зениттік зымыранды мамандар осы жылы Сарышаған полигонында сынақтан өткізіп көрген.

Ғалым Жәдігер, зениттік-зымыран дивизионының командирі:

- Соңғы 7 жыл ішінде кәсіпорын осындай 11 кешенге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сынақ нәтижелері бойынша зениттік зымыран жүйесі пайдалануға дайын. Енді ол мақсатты түрде әскери міндеттерді атқарады.

Зениттік зымыран дивизионының келісімшарт қызметінің офицерлері мен әскери қызметшілері әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып түрлі міндетті шешуге дайын. Айта кетейік, 2019 жылы шартты жаудың әуе мақсаттарын алып жүру және жою бойынша 200 мыңнан астам оқу-жаттығу жұмысы жүргізілген екен.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев