Хабар телеарнасы

Ақтаулық оқушылар Абай әндерін орындаудан сынға түсті

Бұл клубты қазақ еліне белгілі сәулетші Сайын Назарбекұлы құрған болатын. Қоғам қайраткері 30 жылдан бері ұлы ақынның мұрасын зерттеп келеді. Клубтың бастамасымен бұл байқау биылғы жылы республика көлемінде өткізілмекші.

Нұртас Оңдасынов атындағы №5 орта мектепте «Абай әлеміне саяхат» клубы былтыр құрылды. Білім ордасындағы 66 сыныптың 11-і – бастауыш. Оқушылардың барлығы дерлік осы клубқа мүше.

Сайыста жеткіншектер 6 топқа бөлініп бақ сынады. Ереже бойынша 1-топ бастаған Абайдың әнін келесі топ кідірмей жалғап әкетуі керек. Сыннан сүрінбей өткендер ұлы ақынның қарасөздерін айтудан да жаңылған жоқ.

Гүлдана Жамиғатова, мұғалім:

- Бұл сайыстың шарты бойынша негізінен 5-11 сынып оқушылары қатысуы керек. Оның ішінде «Абай әлеміне саяхат» атты клуб мүшелері қатысады. Осыған дейін Абай мұрасын насихаттау барысында көптеген шара өткізілді.

Клубтың негізін қалаған белгілі сәулетші, қоғам қайраткері Сайын Назарбекұлы биыл 80 жасқа толады. Ол – Семей өңіріндегі Абай-Шәкәрім кесенесінен бөлек бірнеше аймақта қазақтың белгілі тұлғаларының бейіті үстіне мазар тұрғызған жан. Қолына қалағы мен қаламсабын қатар алып жүріп, 30-ға жуық жылды ұлы ақынның мұрасын зерттеуге арнады. Қазыналы қария жазған еңбек жинақтары клуб жұмысына қолданылуда.

Сайын Назарбекұлы, «Абай әлеміне саяхат» клубының президенті, ақын:

- 1-4 сыныптарда Абайдың өлеңдерінен алынған 70 үзіндіні төрт жолдан, ал 4-8 сынып арасында оқушылар Абайдың қарасөздерінен үзінділерді үш тілде жатқа айтатын болады. 8-11 сынып арасында шағын драма үйірмелері бар. Қазақтың ұлттық үрдістерін насихаттайтын қойылымдар қойылады. Оқушы мектеп бітірерде ұлттық болмысы жағынан адами дәрежеге жететіндей болып шығуы керек. Осындай шаралардың арқасында баланың рухани санасы кеңейеді.

«Абай әлеміне саяхат» клубы бүгінде республика мектептерінде және 3 университетте құрылды. Былтыр Білім басқармасының қолдауымен Ақтауда рухани орталық жұмысын бастады. Осы тектес мәдени орын биыл әр облыста ашылды. Онда түрлі дәрістер өтеді. Оларға үш сатылы оқу бағдарламасынан бөлек Абайдың және халық әндерін айтудан сайыс өткізу, оқушылар хорын құру ережелері де түсіндірілмек. Айта кетейік, таяуда №28 мектепте 1000 баладан құралған хордың ұлы ақын туындысын орындау сәті әлеуметтік желі арқылы көрерменге жол тартқан еді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев