Хабар телеарнасы

Ақтөбелік тұрғын жол талғамайтын көлік жасап шығарды

Оны ойлап тапқан Владимир Новицкий деген азамат екен.

Ол – жергілікті мектепте технология пәнінен сабақ беретін ұстаз. Сондықтан оқушыларды да техникаға жақын болуға баулуда.

Владислав Лысенко мен Денис Сундуков бос уақытын мектептің шеберханасында өткізгенді ұнатады. Технология пәнінің ұстазы Владимир Новицкий жыл басталғалы жаңа техниканы құрастыруға кіріскен. Қозғалтқышы ескі электр генераторынан, дөңгелектері мен рөлі жигули автомобилінен, ал негізгі қаңқасы швеллер темірінен жиналған. Жоба бойынша бұл аппарат көктемгі егіс жұмыстарында қолғабыс болуы тиіс.

Владимир Новицкий осыдан шамамен 6 жыл бұрын алғашқы жол талғамайтын көлігін жасап шығарыпты. Бастапқыда ермек ретінде қабылдағанымен, артынша бұл іске оқушыларды да баулуды жөн көреді.

Владимир Новицкий, технология пәнінің мұғалімі:

- Біріншіден, біз ауылдық жерде тұрғандықтан мұндай техникаға әрдайым сұраныс бар. Жүк тасу, жер жыртуға ыңғайлы. Екіншіден, техникаға деген қызығушылық. Балалар да сабаққа белсенді қатысып, техникалық мамандықтардың негізімен танысып жүр.

Денис Сундуков, Маржанбұлақ орта мектебінің оқушысы:

- Мына дөңгелегін мен орнаттым. Сәл еңкейіп қарасаңыз, металдың балқыған ізін көре аласыздар. Барлығын өз қолымызбен жасаймыз. Жазға дейін дайын болуы тиіс.

Жаз арбасын қыс сайлап жүрген өнертапқыштар боранды күні далада қалдырмайтын техниканы да жүргізіп қойыпты. Алты дөңгелегі шынжырлы лентамен қапталған көлік кез келген омбы қардан мүдірмей өтеді. Әскери техниканың үлгісімен құрастырылған автомобильдің жылдамдығы сағатына 60 шақырым.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Қарапайым 4 дөңгелекті автокөліктерді күнделікті жүргізіп жүргеніммен дәл осындай техниканың рөліне алғаш рет отыруым. Тәжірибем болмағандықтан, орнынан қозғалта алмайтындығым ақиқат. Дегенмен де автомобильдің иесінің айтуына қарағанда, ауыл тұрғындары үшін дәл осы жол талғамайтын көлік – таптырмайтын көмекші.

Қар құрсауында қалған көліктерді айтпағанда, өнертапқыш үйір-үйір жылқы мен ықтап кеткен қойларды іздеуді әдетке айналдырған. «Дегенмен әзірге жүздеген шақырымға сапарға шығу ерте», – дейді. Себебі көліктің кабинасы мен әйнегіне қажетті материалдар таптырмай жүр.

Жол талғамайтын көліктің импорттық тауардан күші де, жүрдектігі де кем емес. Сондықтан өнертапқыштың автомобиліне сұраныс арттырқан. Алайда Владимир Новицкий өз қолымен құрастырған көлікті сатудан бас тартуда.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков