Хабар телеарнасы

Алматы қаласында тағы бірнеше үй карантинге алынды

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ осы уақыт аралығында қалаға 47 325 адам келіпті. Ал коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу үшін тағы бірнеше үйде карантин жарияланды.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Алматы қаласында үлкен бір тұрғын үй кешені оқшаулауға алынды. Менің ту сыртымда көрініп тұрған ғимаратта қанша адам тұратыны туралы әзірге ақпарат берілген жоқ. Бұдан өзге тағы Гоголь, Қонаев, Жароков көшесі мен Алтай-1 ықшамауданындағы бір үй карантинге алынды. Бірақ қанша адамнан коронавирус инфекциясы табылғаны, қанша адамның ауруханаға карантинге орналастырылғаны туралы мәлімет жоқ. Біз Гоголь көшесіндегі №75 үйдің тұрғыны, үй карантинінде отырған Индира Хаметчина есімді адаммен байланыса алдық. Енді Индираның сөзін тыңдап көрейік.

Индира Хаметчина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Карантин кезінде қалай жүріп-тұруымыз керек екені туралы нұсқаулық берді. Біз тамақты тапсырыс беру арқылы үйдің қасына қойылған бақылау бекетінен ала аламыз. Бірақ ол жерге маскасыз баруға және бір-бірімізге жақындауға болмайды. Туған туыстарымыз, достарымыз сәлемдеме беріп жібере алады. Аулада маскамен аздаған уақыт серуендеуімізге болады. Бірақ қоршалған аумақтан сыртқа шығуға рұқсат етілмейді. Ешкімді үйімізге кіргізуге және бір-бірімізге қонаққа баруға құқымыз жоқ. Осы ережелерді сақтауымыз керек. Егер талапты сақтамасақ, айыппұл салынады. Тіпті бірнеше тәулікке қамауы да мүмкін.

Қазір карантинге алынған барлық үйді полиция қызметкерлері мен сарбаздар күзетуде. Жалпы әкімшілік полиция басқармасының айтуынша карантин енгізілгелі бері қала көшелеріндегі көлік саны 3-4 есе азайған. Мүмкіндігі бар азаматтар еңбек демалысына шығып, көпшілігі қашықтан жұмыс істеуге ауысқан.