Хабар телеарнасы

Әсет Найманбайұлының қара домбырасы табылды

Aset Naimanbaiulynyn dombyrasy

Шамамен 100 жыл бұрын жасалған музыкалық аспап ақсақалдың қолына қалай түсті?

Шалғынбай Қашқынбаевтың айтуынша, бұл қалақ домбыраны әкесі Сатыбалды Күлімбаевқа Әсеттің өзі тарту еткен. Өткен ғасырдың 20-жылдары бір топ адам Қоянды жәрмеңкесінен қайтып келе жатып, бұлақ басына аялдайды. Осы кезде демалып отырған Әсет көпшіліктен: «Араларыңда ән салатын кім бар?», – деп сұрайды. Жұрт қолқалап қоймаған соң Сатыбалды Күлімбаев ән шырқаған. Оның дауысына риза болған Әсет домбырасын сыйлап кетіпті. Кейін құнды жәдігер атадан балаға мирас болып қалады.

Шалғынбай Қашқынбаев, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Ешкінің шегінен жасалған. Ол көп тұра берген соң шыдамай, қиылып қалған. Беті аршадан жасалған. Ол кішкене шіріңкіреп, түскені түсіп, үгілгені үгіліп қалды. Содан кейін өзіміз тартып жүрген домбыраның шегін тағып, келтірдім. Дауысы шығу үшін бет тақтайын жұқа пластмассадан салдым.

Көне домбыраның Шалғынбай ақсақалдың шаңырағында тұрғанына 50 жылға жуықтапты. Ал жергілікті музей қызметкерлері бұл жаңалықтан бейхабар болып шықты. Олар негізі құнды жәдігердің музей төріне қойылғаны дұрыс деп санайды. Қазір облыстағы ең ірі екінші музей қорында 48 мың жәдігер бар. Мұнда ұлттық аспаптарға арналған арнайы бұрыш ашылған.

Дәулет Қожақов, Балқаш қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Әсеттің мұрасы – қазақтың мұрасы. Ол қазақтың мәдени-тарихи игілігіне айналу керек. Сондықтан домбыраны сақтаушы мұражайға тапсырады деп ойлаймын. Нұр-Сұлтан қаласындағы немесе облыстағы музейге тапсырса, барша жұрт Әсет атамыздың мұрасымен танысуға мүмкіндік алар еді. Қалақ домбыра балқарағайдан тұтас шабылып жасалған. Бүйірінде өшуге айналған көмескі жазу бар. Ол араб әліпбиінен аударғанда «Әсет» деген жазу екен. Соның өзі аспаптың әншіге тиісілі екенін айғақтай түседі. Дегенмен бұл деректі әлі де зерттеу керек. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин