Хабар телеарнасы

Елордада дәрігерлер құрметіне үйлердің қасбетіне сурет салынып жатыр

Turgyn ui kabyrgasyndagy suretter

Бас қаланың шығармашылық қауымдастығы медицина қызметкерлеріне осылай өз алғыстарын білдірді. Әкімдік қылқалам шеберлерінің бастамасын қолдап, қажетті техниканы ұйымдастыруға көмек көрсеткен. Алғашқы сурет Сарыарқа мен Жангелдин көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйлердің қабырғасына салынды. Бұл аумақ кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Осы маңға жақын жерде медициналық университет орналасқан.

Жоба жетекшісі Кристина Бекмырзаева: «Мурал бүгін кешке дайын болады», – дейді. Шығармашылық топ бұл бағыттағы жұмыстарын тағы да жалғастыруға әзір.

Кристина Бекмырзаева, жобаны ұйымдастырушы:

- Әншілер онлайн-концерттер өткізіп жатыр. «Біз біргеміз» акциясына біз де үлес қосқымыз келді. Суретшілер атынан осы шығармашылық жоба арқылы коронавируспен күресіп жатқан медицина саласының қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіруді жөн көрдік. Қауіпті індетпен күресіп жатқан әрбір медицина қызметкерін батыр санаймыз. Алғысымыз шексіз.