Хабар телеарнасы

Павлодар облысында диқандар маусымдық жұмыстарын уақытылы бастады

Ertis onirindegi egistik

Диқандар қажетті құрал-жабдықтарын, ал шаруалар асыл тұқымды сиырларын әкелу мерзімін кейінге шегеруге мәжбүр. Алайда ауыл еңбеккерлері мойымақ емес, маусымдық жұмыстарын уақытылы бастады.

Қызанақтың 180 мың және қиярдың 25 мың түбі егілді. Павлодар ауданына қарасты Жаңа қала ауылындағы жылыжай кешенінде жұмыс қызу. Шаруалар көкөніс тұқымын пандемия жарияланбас бұрын сатып алған. Сондықтан егіндікке алаңсыз кірісті.

Наталья Рудь, жылыжай бригадирі:

– Қиярдың 8 сұрыбын отырғыздық. Барлығы европалық. Егер тұқым сапалы болып, өнімді молынан алсақ, жыл сайын отырғызатын боламыз. Мәселен, бұл – «Ленора» сұрыбы. Тұқымдардың барлығы шықты. Сапасына тұтынушылар бағасын берер.

Кешенде 33 жылыжай бой көтерді. 1,5 гектарға отырғызылған көкөністер 10 маманның қамқорлығында. Көкөністердің басым бөлігі нарықта сұранысқа ие қызанаққа берілген. Алдағы уақытта баялды, бұрыш та отырғызылмақ. Қожалық басшысы Нұрланбек Әбіхановтың айтуынша, бүгінде шаруаларға мемлекет қолдауы ауадай қажет.

Нұрланбек Әбіханов, шаруа қожалығының басшысы:

– Бұрын тамшылатып суару мемлекет тарапынан субсидияланатын. Жылыжайлар үшін де субсидия алған күндеріміз болды. Қазір жоқ. Тек өз күшімізге сенеміз. Бұл субсидиялар қайтарылса екен дейміз. Көкөністерді өсіру үшін қаражат керек. Бұл қиыншылықтарға қарамастан, жұмысымызды жалғастырып жатқан жайымыз бар. Сапалы өнім алуға ниеттіміз.

Көршілес Набережное ауылында да қызу тірлік. Қазіргі уақытта «Ырыс» бағдарламасы бойынша тауарлы сүт фермасы бой көтеруде. Жобаның құны 1 млрд теңгеге жуық. Жаңа тауарлы сүт фермасы асыл тұқымды 600 бас малға шақталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталып жатыр.

Айта кетейік, осы күндері шаруа қожалығы Германиядан симментал тұқымдар сиырлардың алғашқы легін тасымалдап әкелу керек болатын. Дегенмен, әлемдегі коронавирустық инфекциясының пандемиясы салдарынан оның мерзімі кейінге шегерілді.

Қайрат Тұрлыбаев, шаруа қожалығының басшысы:

– Жаңа құрылысты іске кіргізгеннен біз 1000 бас сауынды сиырдан асамыз. Оның көлемі де көбейер. Бүгінде 8-10 тонна тапсыратын болсақ, мына сүтті, құрылысты іске кіргізгеннен кейін 15-20 тоннаға шығамыз деп ойлаймыз. Оған барлық мүмкіншілік бар. Құрылысты былтыр бастағанбыз. Міне, биыл аяқтап келе жатырмыз. Қысқы уақытта кішкене тоқтағанбыз, енді қазір күш салып, жұмыспен келе жатырмыз.

Шаруа қожалығында 1800 ірі қара мал басы бар. Олардың 600-ден астамы – сауынды сиыр.

Вероника Серебряк, сауын цехінің меңгерушісі:

– Қазір 290 сиыр сауылып жатыр. Өндірістік қуаттылығымыз бірқалыпты. Сауын сиырларымыз қыстан жақсы шықты. Жем-шөбіміз құнарлы болғандықтан, ақтың майлылығы да жоғары деңгейде.

Бұл фермадан облыс орталығына күнбе-күн жоғары сұрыпты 8 тоннаға жуық сүт тасымалданады. Жаңа ферма іске қосылған соң өндірістік қуаттылық айтарлықтай артып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий