Хабар телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: 9 мамыр – әрдайым бәріміздің мерейімізді үстем ететін күн

«Келер ұрпақтың бақытты әрі берекелі ғұмыры үшін миллиондаған адам фашизмді жеңу жолында жанпида етті. Ортақ іске Қазақстанның қосқан үлесі зор. Еліміздің әрбір бесінші тұрғыны майданға аттанды», – деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Баршаңызды Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! 9 Мамыр – әрдайым бәріміздің мерейімізді үстем ететін күн. Бұл күні біз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларды ерекше құрметпен еске аламыз. Майдан даласындағы жауынгерлік ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке тағзым етеміз. Бұл – нағыз батылдықтың, әскери даңқ пен патриотизмнің мерекесі. Баршаңызға белгілі, жеңіс бізге оңайға түскен жоқ. Олардың көбі соғыс даласынан оралған жоқ. Қазақстандықтар ерен ерлік пен бекем бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Жаужүрек аталарымыз Брест қамалын, Мәскеуді, Ленинградты қорғауға барын салып, Сталинград, Курск шайқастарында, жау басып алған аумақтарды азат етуде жанқиярлықпен соғысты. Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Батырларымызға мәңгілік тағзым ету, ардагерлерге қамқорлық көрсету, халықтың ынтымағы мен тұтастығын сақтау – біздің қастерлі борышымыз.