Хабар телеарнасы

Ардагер ерлігі: Зияда Досбергенова мен Мәжит Мырзабаев

Қазақтың батыр қызы Қырым, Дон майдандарында болған. Одан әрі Сталинград пен Харьков түбіндегі шайқастарға қатысқан.

Бұл орайда майданда шалт қимыл, батыл әрекеттерімен шабуылдарды табысты аяқтаған Мәжит Мырзабаевты да жеке айтып кетуге болады. Ол талай ұрыста болып, Литва Республикасын азат етуге қатысқан. Төрт рет жарақат алып, ажалдан аман қалады. Ал соғыстан кейінгі жылдары ел дамуына қызмет еткен.

Соғыс басталған тұста Алматы облысындағы Досберген Берсүгіров әулетінен 17 азамат майданға аттанады. Араға бірнеше ай салып, радист-байланысшы курсын оқыған Зияда Досбергенова да ағаларының ізімен ерікті түрде отан қорғаушылар қатарына қосылады. Күні кешеге дейін еті тірі, өжет қыз жайлы туыстарына белгілі ақпарат осы ғана еді. Талай рет сұрау салып хат жазғанымен, КСРО Қорғаныс министрлігінің архивінен мардымды мәлімет таппайды. Іздегені қырық жылдан кейін Қазақ КСР Мемлекеттік кітап палатасының қорынан шығады. Сарғайған газет беттеріндегі мақалада қазақ қыздары Мәншүк және Әлиялармен қатар Зияда Досбергенованың ерлік іс-әрекеттері жайлы баяндалған.

Лейтенант С.Исабековтің естелігінен /1944 жыл/: «Зияда Досбергенова атқарып жүрген қызметін місе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебіне аттанды. Жалынды үгітші болды. Ұрыста ротаны басқарды. Жауынгерлерді соңынан ертіп, шабуылға көтерді».

Әбікен Берсүгіров, Зияда Досбергенованың туысы:

- Ол кісіге берген наградаларын кейін іздеп таптық. 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалі беріліпті. «Қызыл жұлдыз» орденін берген. ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені де беріліпті. Кейінгі табылған деректерге сүйенсек, 1944 жылдың 23 ақпанында Озариевский ауданында қайтыс болыпты.

Бүгінде Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылындағы көшелердің бірі Зияда Досбергенованың есімімен аталады. Сондай-ақ Ұзынағаш музейіндегі ескерткіш тастақтаға аты жазылған.

 

Литвадағы мектеп Мәжит Мырзабаев есімімен аталады

Есімі тек Қазақстан емес, Литва Республикасында да ерекше танымалдылыққа ие. Сонда Қаунас қаласындағы №37 орта мектепке қазақ азаматы Мәжит Мырзабаевтың аты берілген. Бұл – ардагер ағамыздың сол елді азат етуде көрсеткен ерлігіне деген құрмет.

Аслан Әскеров, Мәжит Мырзабаевтың немересі:

- Атамыз Мәжит Мырзабаев бірде жанындағы жауынгерлермен бірге неміс қоршауында қалып қояды. Қиян-кескі ұрыста отряд командирі мерт болыпты. Көп ойланып тұруға уақыт жоқ, атам дереу шешім қабылдап, ұрысты басқаруды өз мойнына алады. Батыл әрекеттің нәтижесінде жау шебін бұзып, әскерлер қоршаудан аман шығады.

Қызылорда облысы. Қармақшы ауданына қарасты Қызылтам ауылының тумасы Мәжит Мырзабаев 19 жасында майданға аттанған. Арнаулы мектепте әскери дайындықтан өтіп, 3-ші Белорус майданында да соғысқан. 1944 жылы ауыр жарқаттанып, оң аяғынан айырылады. Ал елге келгенен кейін халық қаруашылығында түрлі қызметте еңбек еткен.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы