Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында бір тәулікте 24 адам вирус жұқтырды

Індет жұқтырғандардың арасында төрт жастағы бүлдіршін де бар. Дәрігерлер: «Науқастардың жағдайы қалыпты», –дейді. Қазір аймақта вирус жұқтырғандар саны 280-нен асты. 156 адам емделіп шыққан. Облыста карантин режимі әлі сақталып тұр. Ботақара кентінде қозғалысқа шектеу қойылған.

Атырау облысына қарасты Теңіз кен алаңында қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты, облыстан арнайы жұмысшы тобы жіберілді. Бір тәулікте кеніштен 142 жұмысшы коронавирусқа шалдыққаны анықталған. Жалпы Теңізде күні бүгінге жұқпалы дертке шалдыққан 712 адам тіркеліп отыр. Кен алаңында 230 орындық карантиндік орталық ашылды. Жұмысшы тобы кен алаңындағы жағдайды зерттеп, тиісті шара қолданады. Қазір мұнай өнеркәсібіне қатысы жоқ 17 мың жұмысшы сыртқа шығарылды. Қалған жұмысшылар да мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге көшірілмек.

Қостанайда карантин талаптарын бұзу жиілеген. Осыған байланысты мониторинг тобы рейд жүргізіп, бірқатар бизнес нысаны ережені сақтаймайтыны анықталды. Мысалы сатушылардың дені қолғапсыз жүр. Олардың бірі «резеңкеге аллергиямыз бар» десе, енді бірі «қолымыз терлейді» деп ақталған. Алайда мамандар қандай жағдайда да талап сақталуы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ қаланың қақ ортасындағы дәмханалардың бірі келушілерге ас-ауқат беруді жалғастырған. Талап бойынша олар тағамды тек тапсырыс бойынша дайындап, жеткізуі тиіс. Карантин тәртібін өрескел бұзған дәмхана иесіне хаттама толтырылады. Ол енді 100 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Маңғыстау облысындағы кейбір ауданда карантин тәртібі жеңілдеді. Мұнайлы ауданы мен Түпқарағанға қарайтын Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындары бұдан былай Ақтауға жеңіл көлік немесе автобуспен қатынай алады. Қоғамдық көліктермен жүретіндер бетперде тағуға міндетті. Айта кетейік, шалғай аймақта вирустық инфекцияның таралуы әлі де азаяр емес. Осы себепті карантин режимі 25 мамырға дейін өз күшінде қалады.

СҚО-да ойын-сауық орталықтары, моншалар мен жаттығу залдары ашылды. Бұл нысандарда санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек. Әйтпесе қайта жабылып қалуы бек мүмкін. Кинотеатр, балалардың ойын алаңдары мен тамақтану орындары әзірге жабық тұр. Кіріп-шығу қатаң қадағаланады. Жұмыс кестесі таңғы 10-нан кешкі 17:00-ге дейін. Өңірде Тайынша қаласы ғана жабық. Онда бір адам ауырып, ауруханада жатыр. Санитар мамандар қауіпсіздік шараларына әлі де сақ болуға шақырады.