Хабар телеарнасы

Павлодар облысында құс тұмауы өршіп тұр

Железин және Тереңкөл аудандарында ауру ошақтары анықталды. Үйрек, күркетауық, қаз бен тауықтың құс тұмауынан қырылғанын сараптама қорытындысы растап отыр.

Тереңкөл ауылына қарасты Трофимовка ауылы облыс орталығынан 200 шақырымдай жерде орналасқан. Құс тұмауының алғашқы екі ошағы осы елді мекеннен табылып отыр. Қалден Омаров күн көру үшін тауық-қаз өсірумен айналысады. Тұрғын бірнеше күннің ішінде ауласындағы құстарда ауру белгілері пайда болып, қырылып қалғанын айтады.

Қалден Омаров, Трофимовка ауылының тұрғыны:

- 50 тауық, 12 күркетауық, 16 қаз балапанына дейін қырылды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Үй құстарының өлекселері осы мал қорымына тасталып жатыр. Жергілікті тұрғындардың есебінше, бүгінгі күнге дейін үйрек, қаз және тауықтардың 200-ге жуығы қырылып қалған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, үй құстарына жедел түрде екпе салынып жатыр. Ал ауылдық округтің аумағында бес мыңға жуық қанатты өсіріледі.

Қанаттылардан алынған патологиялық материал тексерілген соң аурудың құс тұмауы екені расталды. Қазіргі уақытта ауылдарда карантинге жабу мәселесі қарастырылып жатыр.

Болат Баженов, Тереңкөл ауданы, Жаңақұрылыс ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Құс тұмауы расталған бойда аулаларды аралап, құс санағы жүргізілді. Қанаттыларға екпе салынды. Қазіргі уақытта ауылдық округке қарасты бөлімшелерде дезинфекциялық жұмыстар басталды.

Індетке қарсы күрес шаралары шеңберінде ошақтардағы аула құстарының барлығы жойылмақ. Ал аурудың таралуын тоқтату үшін 500 мың данаға жуық вакцина алынған.

Рашид Нұрбеков, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының жетекшісі:

- Ауру тараған аудандардан құстардың барлығын тәркілейміз. Қанаттылардың физиологиялық жағдайы мен түріне қарамаймыз. Кейін иелеріне нарықтағы құс бағасына сәйкес өтемақы беріледі.

Мамандардың айтуынша, аумақтағы үш құс фабрикасына аурудан қауіп төнбейді. Себебі сыртқы ортамен байланыс жоқ. Айта кетейік, соңғы рет құс тұмауы Павлодар облысында осыдан 15 жыл бұрын тіркелген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков