Хабар телеарнасы

Жол жөндеу жұмыстары қостанайлықтарды мезі қылды

Сондықтан көлік пен автобустар діттеген жерлеріне жету үшін біраз көшені айналумен болады екен. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер құрылыс жұмыстарының жақында аяқталуын асыға күтуде.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

Қаладағы жөндеу жұмыстары ұзаққа созылған көшелердің бірі – осы Урицкий көшесі. Мұнда қазір асфальтта төселген жоқ. Құрылыстың тоқтап қалуына қиылыста орналасқан осы Пушкин көшесі себеп. Аумақта қазір кәріз жүйелері ауыстырылып, жылумен қамту құбырлары жаңғыртылып жатыр.

Әл-Фараби көшесіндегі жағдай да осындай. Екі шетінен қоршалып, ортасы қазылған. Маңайдағы көлік кептелісі үйреншікті құбылыс. Қазір қалада жабылған көшелер саны 20-ға жуықтайды. Сағызша созылған құрылыс көлік жүргізушілерінің ызасына тиіп біткен.

БЛИЦ:

Көшенің жабылғанына жарты жылға жуықтады. Мына тұрған орталыққа жету үшін бес-алты көшені айналып өтуімізге тура келеді.

– Құрылыс тез арада аяқталса екен. Осы көше бізге де, жолаушыларға да біраз ыңғайсыздық тудырып отыр.

«Жұмысшылар күндіз мүлде көрінбейді. Олардың жайбасарлығынан мезі болдық», – дейді Чкалов көшесінің тұрғындары.

БЛИЦ:

– Жұмыстар өте баяу жүріп жатыр. Айналаның бәрін қазып тастаған. Өзім кезінде құрылысшы болдым. Мұндай сұмдықты ешқашан көргенім жоқ.

– Осы маңайдағы стоматология орталығына қондырғылар әкелдік. Үй аулаларын айналып жүріп, тапсырыс берушінің мекенжайын әрең таптық. Көшеде қозғалыс қиындап кетті.

Ауқымды құрылыстың уақытылы орындалуын қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қадағалайды. Белгіленген жұмыстар қазан айының ортасында аяқталуы тиіс. Үлгермеген мердігерлерге заң жүзінде айыппұлдар мен өсімпұлдар қарастырылады.

Наурызбай Мусин, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Мердігерлер бойынша қазір заңнамада қайта қарастырылып отыр, оған айыппұл салынуы тиіс 0,01 процент. Ол өзінің атқарылмаған міндетіне байланысты одан 30 күн айыппұл алатын боламыз. Сондықтан оны сотқа беріп, алға қойған мақсаттарын орындамағанына байланысты соттасып, 36 айға жауапсыз мердігер ретінде қоямыз.

Жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қаланың 90 көшесінде жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық қазынадан 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Еңбекпен қамтылғандардың үлесі екі жарым мың адамға жуықтайды.

Валентин Затула, мердігер ұйымның көлік жүргізушісі:

– Бір жағынан атқарылатын жұмыс ауқымы көп. Құрылыс карантинге қарамастан жалғаса береді ғой. Салаға жұмылдырылған адамдар жетерлік. Тұрақты табыс та осында.

Қалалықтар тегіс жолмен жүйткуге асық. Бірақ сапа жағынан күмән бар. Себебі мердігерлер нысандарын екі апта ішінде тапсырулары керек. Одан қалды: «Жақын арада ауа райы салқындайды», – деген болжам жасап отыр синоптиктер.

Дегенмен жол жұмысшылары тәуекелге бел бууға дайын. Бұдан бұрын олардың әріптестері құйып тұрған жаңбырда, тіпті қар үстіне де асфальт төсеген еді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров