Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында Есет Көкіұлының 355 жыл жылдығы тойланды

Кіші жүздің қолбасшысына арналған мерекелік шара Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бастамақ ауылында өтті. Қиын-қыстау заманда атқа қонған батырлардың ерлігін баяндайтын сахналық қойылым көпшілік назарына ұсынылды. 

Хан Әбілқайырдың сенімді серігі, Аңырақай шайқасында кіші жүздің туын ұстаған атойшы Есет Көкіұлы жиырма жасынан ел арасына батыр ретінде танылған. Тарихшылардың айтуынша, тоз-тоз боп кеткен халыққа үміт сыйлап, жоңғарға алғаш тойтарыс берген де Есет батыр жасағы көрінеді. Бұл 1726-шы жыл болатын.

Баянғали Құлтаев, өлкетанушы:
-Мына жерде Әбілқайыр бастаған, Тайлақ бастаған батырлар 25 руды біріктіріп, мына Қарасиыр деген алаңда бірінші рет жоңғарды тас-талқан етіп жеңген. Сондағы ту ұстап тұрған ақсақалдың біреуі, әулиенің біреуі осы Есет ата.

Көрермендер сол тарихи кезеңнің бір көрінісін тамашалады. Облыс басшысы мұндай салиқалы шара еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен батырлардың ерліктерін өскелең ұрпаққа жеткізу үшін маңызды екендігін атап өтті.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
-Бүкіл батыр-бабаларымыз, батырларымыз, ел басшыларымыздың бәрі кең байтақ қазақтың жерін бүгінгі ұрпаққа сыйлап кеткен. Оның өзі жай емес қой деп ойлаймыз. Айналамыздағы үлкен державалардың ортасында көшпенді цивилизациясын басқарған осындай бабаларымыздың бір ғана мақсаты жерімізді сақтап қалу, жерімізді болашақ ұрпағына беріп кету — найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана емес, терең ақыл, пайыммен елін сақтап қалуға да бағытталғаны белгілі.

Бұдан бөлек ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. Көрерменнің делебесін қоздырған аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық шабандоз қатысты. «Еркіндік қыраны, шарықта» атты республикалық ақындар айтысы да ұйымдастырылған. Байқауға белгілі мәдениет қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов