Хабар телеарнасы

Қаскелең қаласындағы төрт көшеге бір атау берілген

Ойдым-ойдым болған жолдары былай тұрсын, тұйық көшелерден шығу қиын. Жауапсыз, ретсіз жасалған бас жоспардың кесірінен тұрғындар қамалып отыруға мәжбүр.

Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңдегі қатар жатқан мына төрт көше бірдей Қойтас деп аталады. Ең ұзыны 800 метр. Бітеу көшелерге кіру де, одан шығу да қиын. 2017 жылы қаланың бас жоспары өзгеріп, соның салдарынан 200-ден аса үйі бар төрт көшенің тұрғындары тығырыққа тірелген. Ал орталыққа шығар жол жаңа бас жоспар бойынша кәсіпкерлерге өтіп кеткен.

Самархан Байжанов, Қаскелең қаласының тұрғыны:
-2017 жылғы мына бас планда осы көшелердің барлығы мына жерден тура Жайықтыға шығып кететін жол болған.  Осыларға жер берген кезде біздің мына жолды кәдімгідей тартып, соларға беріп отыр.

Нұрлыхан Матекова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
-Емханаға бару үшін анау 1,5 шақырым айналып бару керек. Аптекаға да сондай, жол деген жоқ. Жолдың өзі жаман-жаман, ойқы-шойқы болып жатыр. Балалар мектепке барарда кішкентай балаларын ата-аналары ертіп барады. Қазір ит деген былай барлық жерде.

Аттас көшелердің ені де талапқа сай емес. Мысалы, бірінші көшенің ені 6 метр болса, басқаларының кеңдігі 4,8 метрге әрең жетеді. Қарсы келген көліктер қысылып, тұйық көшеден қайтып шыға алмай қиналады екен. Тұрғындар 4-5 жылдан бері қалалық, аудандық әкімдіктің табалдырығын тоздырып келеді. Қаскелеңнің әкімі: «Жыл соңына дейін жаяу жүргінші жолын ашып, мәселені келесі жылы толық шешеміз», — дейді.

Асқар Мұқашев, Қаскелең қаласының әкімі:
-Келесі жылға, мысалы, біз оны бас жоспарға өзгеріс енгізіп, сол жерге жол салғызу керек. Карта бойынша жол түссе, одан кейін барып біз ұсыныс жасаймыз. Меншік иесімен сөйлесеміз. Ол кісімен келісімшартқа келіп, сатып алып сол жерден машина жүретіндей 6 метрдей жол сатып алуымызға мүмкіншілік туады.

Оған қоса, 22-бағыт көшесіндегі 60-тан аса үйдің тұрғындары негізгі жолға жеке жер теліміндегі қауіпті көпір арқылы шығады. Бұл маңда көлік апаты жиі болады екен. Егер меншік иесі көпір орналасқан жерді қоршап алатын болса, 60 түтін мүлдем тұйықталып қалады. Қала әкімі болса: «Ешкім жолсыз қалмайды», — деп уәде берді. Жұрт мұндай уәденің жыл сайын қайталанып келе жатқанын айтады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев