Хабар телеарнасы

Ақтөбеде газдан тарыққан бау-бақша ұжымдарына қатысты мәселе шешімін тапты

Нәтижесінде 7 мыңнан астам тұрғыны бар аумақтағы газ желісінің проблемасы толық жойылады. Мамандар мұндай олқылық болмас үшін енді бақылау ісін назарда ұстайтындарын айтады. 

Газдың мардымсыз берілуі қаланың сүт зауыты ауданына қарасты ондаған бау-бақша ұжымында тұратындардың шағымын туғызған еді. Әсіресе, «МЧ-2» деп аталатын аумақтағы үйлер қыс түскелі жылуға бір жарымай қалды. Тұрғындардың шағымына орай құрылған комиссия мүшелері мән-жайды анықтау барысында бірқатар өрескел кемшіліктің барын білген. Ең бастысы, талапқа сай келмейтін кішкентай тұрбаларға ондаған баспана қосылған көрінеді. Нәтижесінде көгілдір отынның қысымы мүлде төмендеп кеткен.

Жангелді Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:
-Жеке кәсіпкерлер бұрынғыда мына линияларды сатып алғандар олардың трубалары сәйкес келмейді. Сонымен қатар, «КазТрас аймақ» техусловия беретін олар дұрыстап, қадағалап қарамаған. Ондай фактілер анықталды. Біз өз тарапымыздан бұл жұмыстардың бәрін жасап кеттік. Тез арада бұл мәселені шешіп тастаймыз деп ойлаймыз.

Қазір газ желісін жүргізген компаниялар жіберген кемшіліктерін қайта түзетіп жатыр. Әрі қажетті материалдар мен бұйымдарды өздері жеткізуде. Міндеттерін толық орындап, олқылық түзелмейінше жұмыс барысы бақылауда болмақ.

Ержан Мұздыбаев , облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы: 
-Олар өздерінің қаражаты есебінен толығымен жүргізіп, аяқтайтын болады. Біз орташа қысымды газ құбырын жүргізіп, артынша осы газ реттегіш шкафтарын қондырып, бұл мәселені жақын ара ішінде, 5 күнде толығымен шешетін боламыз. Басқа садовоческий коллективтерде мұндай мәселе жоқ.

Бүгінде қала бойынша 300-ге жуық бау-бақша ұжымы бар. Барлығында дерлік қыс түскелі көгілдір отынға қатысты мәселе толық шешілген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков