Хабар телеарнасы

Қазақ балетінің аңызы Болат Аюханов 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті

1967 жылы өзі негізін қалаған «Алматының жас балетін» өмірінің соңына дейін басқарды. Ол құрған ансамбль Еуропа мен Азияда гастрольдік сапармен болып, бірнеше мәрте жоғары марапатқа ие болды. Талантты хореограф, әрі балетмейстер әлемдік сахналарда қазақстандық композиторлардың музыкасына 30-дан астам спектакль қойды. Өнер жұлдызы 60 жасқа дейін «Болеро» балетінің солисі болды. Болат Аюхановпен қоштасу Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында 15 желтоқсан күні сағат 10.00-де өтеді.

Гүлмира Ғаббасова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: 
- Бұл әрине, бәріміз үшін үлкен қайғы. Өйткені Болат Аюханов балет өнерінің жарқын тұлғасы, біздің ұстазымыз. Біз бірге көп жұмыс істедік. Айналасындағылар одан хореография, музыкалық өнер, режиссураны меңгерді. Болат Аюханов шәкірттерінің бойына барлық білімді сіңіруге тырысты. Ол біз үшін жай ғана кәсіби маман емес, аты үлкен әріптермен жазылатын ұстазымыз еді. Оны хореографияның әкесі десем артық айтпаймын.