Мемлекет басшысы аталған сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды «Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын толық көрсетеді. Бұл бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бұл тұжырымдаманы бірқатар мүдделі мемлекет талқылап, зерделеуде. Ең бастысы, бізді ғасырлардан тамыр тартатын бай тарихымыз, белсенді мәдени-рухани байланыстарымыз, ортақ құндылықтарымыз, заманауи сын-қатерлерге қатысты ұқсас көзқарасымыз бен болашаққа бағдарымыз біріктіреді. Осындай берік негізге құрылған стратегиялық серіктестігіміз барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін мәні зор бірқатар мерейтойлық дата аталып өтті. Біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын лайықты деңгейде мерекеледік. Осылайша, Отанды қорғау және Ұлы Жеңіске жету жолында әлем тарихында бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін паш еткен нағыз батырлар мен патриоттарды еске алып, құрмет көрсеттік. Әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы да айтулы оқиға болды. Бұл – ғарышты игеру ісінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-техникалық ынтымақтастығымызды танытып келе жатқан бірегей жоба. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығы – маңызды меже. Біздің құрлық арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекарамыз – тату көршіліктің жарқын символы».
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларация туралы пікір білдірді «Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орайда екіжақты байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Владимир Владимирович Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтар Ресей Президентін жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері деп біледі әрі құрметтейді. Оның есімі әлемге жақсы мәлім және қазіргі алмағайып заманда орыс халқы мен Ресей мемлекетінің мүддесін қорғау ісінде сенім мен қажымас қайраттың символы ретінде қабылданады. Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді».
Президент барлық деңгейде қарқынды диалогты қолдауға уағдаласқанын жеткізді «Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру, гуманитарлық ықпалдастық, сондай-ақ жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән бердік. Күрделі халықаралық ахуалға қарамастан ынтымақтастығымыз халықтарымыздың игілігі жолында белсенді дамып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өттік».
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі деп атады Негізгі көрсеткіштер: 2024 жылдың қортындысы бойынша тауар айналымы шамамен 28 миллиард долларды, ал биылғы 8 айда 17 миллиард доллардан асты. Міндет – екіжақты сауда көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу. Ресейден Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асты. 2024 жылы Ресейдің салған капитал көлемі рекордтық 4 миллиард долларға дейін өсіп, еліміздің ірі инвесторына айналды. Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы да артып, 15 жылда шамамен 9 миллиард долларға жетті. Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді Бұл – елімізде қызмет ететін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жартысына жуығы. 175 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Тараптар іскерлік байланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаласты. Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды