Хабар телеарнасы

Президент коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық үндеу жариялайды

Президент коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық үндеу жариялайды

«Соңғы кездері Қазақстан Президентінің жұмыс кестесі мейлінше өзгергені жасырын емес. Елімізде Төтенше жағдай енгізілді, осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмыс кестесі де Төтенше жағдай режиміне көшті. Президентке келетін шұғыл әрі сараптамалық ақпараттардың саны күрт өсті. Ал бұған дер кезінде жауап беріп, шара қолдану керек. Мемлекет басшысы жаңартылған форматта жұмыс істеп жатыр. Бүгінде көптеген жиын мен кездесу видеобайланыс арқылы өткізілуде. Коронавирусқа қарсы күрес – күн тәртібінде қарастырылатын негізгі мәселе.

Қасым-Жомарт Кемелұлы күн сайын Үкіметтің, Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің, өңір басшыларының есептерін тыңдайды. Жақында ғана Президент барлық облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне телефон шалып, шағын және орта бизнесті қолдауға, халықты әлеуметтік қорғауға, көктемгі егіс науқанына және су тасқынына қарсы жұмыстарға байланысты нақты тапсырма берді.

Еліміздегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал үнемі өзгеруде. Жуырда түскен ақпараттар негізінде Төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданатын болады. Осы ретте Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы менеджменттен бөлек, стратегиялық жоспарлауға да мән беріп отырғанын есте ұстауымыз керек. Ерте ме, кеш пе, Төтенше жағдай бітеді. Содан кейін алдымыздан экономиканың құрылымын қайта қарау міндеті шығады. Сондықтан алдымызға орта және ұзақ мерзімге арналған жаңа мақсаттар қою керек. Президент көптеген бағдарламалар мен тұжырымдамаларды жаңарту қажеттігін айтты. Мұнай бағасының бірден құлдырауы экономика мен қаржы секторына реформа жүргізіп, индустрияландыру мен цифрландыруды нақты жүзеге асыру керек екенін көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау және білім салаларын да үлкен өзгеріс күтіп тұр. Мемлекет басшысы жаңа талаптарға жауап беретін стратегиялық шешімдер әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ең басты міндет санайды. Ол барлық отандастарымызды Төтенше жағдай режимінің талаптарын сақтауға шақырады. Жақындарымыздың денсаулығы үшін сабыр сақтап, жауапкершілікті сезінуіміз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, "халықсыз экономика болмайды". Сондықтан ешкім де мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша азаматтарға қолдау көрсету үшін бюджеттен және Ұлттық қордан қаражат бөлінуде. Мемлекет басшысы осы айтылған мәселелердің оң шешілуін үнемі бақылауда ұстап отыр», – дейді Президенттің баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар келесі аптада Президент еліміздегі коронавирус жағдайына қатысты кезекті телевизиялық үндеуін жариялайды.