Хабар телеарнасы

«Үркер 2018»: Биыл 12 номинация қарастырылып отыр

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жариялаған «Үркер» сыйылығына биыл да өтініш беріп жатқан журналистер көп. Баспасөз, радио, интернет журналистика саласындағы мықты авторларды анықтайтын байқауға биыл 12 номинация қарастырылып отыр. Қазір конкурсқа қатыушылардың еңбегін қазылар алқасы тексеріп жатыр. Үздіктер ай соңында белгілі болады.

Бейсен Ахметұлы отандық ақпарат порталында қызмет етеді. «Ең үздік журналистік зерттеу» аталымына өтініш беріпті. Үміті көп. Бір ұлттың тағдырын бір кейіпкер арқылы жазған. «Сапалы, мағыналы дүние жерде қалмайды. Сол үшін де көздегенім сыйақы табу емес», – дейді.

Бейсен Ахметұлы, журналист:

- Мен үшін бәсеке маңызды емес. Мен өз дәрежемде бір адам арқылы бір халықтың тағдырын көрсете алдым. Біз сыйлық үшін ұсынып отырған жоқпыз. Бірақ сыйлап жатса қуанамыз, сыйланып жатпасақ оған ешқандай өкпе-ренішіміз болмайды.

Әйгерім Фазыл – интернет порталдың тілшісі. Сонымен екінші рет «Үркерге» өтініш берген. Конкурс арқылы өзін шыңдағысы келеді. «Сайыс болған соң тек үздік материалдар анықталады. Сондықтан оқырмандар да осы байқау арқылы кімнің қандай еңбегі бар екенін тезірек біледі», – дейді.

Әйгерім Фазыл, интернет портал тілшісі:

- Неліктен қатысқым келді? Бірінші рет қатысқанда жүлделі орын ала алмадық. Мен шын көңілден адамдарға, көпшілікке арналған материал жаздым. Көптің көзіне түсе бермейтін, мысалы аула сыпырушысы туралы дегендей. Көпшілікке ой салғым келеді. Мен үш түрлі аталымға еңбегімді ұсындым.

Бастысы күнделікті өмірде жылдам ақпарат таратып жүрген журналистердің мәртебесін көтеру. Көгілдір экраннан көре бермейтін дүниелердің газет беттерінен табылатынын көрсету. Түбі - сонда еңбек етіп жүрген қауымның еңбегін бағалау. «Кіл жүйрікте, кім жүйрік» екені 28 маусымда ресми жарияланатын болады.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Серік Қоңырбаев