Хабар телеарнасы

Өскемендегі мүмкіндігі шектеулі жандар цифрлы қызметтің қызығын көре бастады

Енді жүріп-тұруы қиын жан ұялы байланыс арқылы өзіне қажет қызмет түріне тапсырыс бере алады. Дүкеннен азық-түлік алдырып, инватаксиге тапсырыс беріп, үйге шаштараз шақырта алады. Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, қызметтің бәрін еріктілер тегін көрсетеді.

Соңғы бірнеше жылда Өскеменде еріктілердің жұмысы нақты нәтиже бере бастады. Әсіресе кембағал жандарға тұрақты қолғабыс етіп келеді. Былтыр солар үшін арнайы сайт ашқан. Қазір қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі сол сайтқа тіркелген.

Индира Кәкімова, ерікті:

- Сайт арқылы құрылған топтың қолданушылары үнемі бар. Олар тұрақты байланыста. Ал жалпы тұрғындар бізге көмегін аямайды.

Сайттың арқасында кемтар жандардың әлеуметтік мәселесі біртабан жеңілдеді. Мәселен, шаштараз қажет болса, маманды инватакси сол адамның үйіне әкеледі.

Татьяна Завьялова, әлеуметтік қызметкер:

- Халыққа көмек осындай порталдар арқылы көрсетілсе екен. Тұрғындар өтініштерін жазса, сол арқылы қызмет ұсынылуы қажет.

Жалпы Өскемен қаласында қазір 11 мыңнан астам кемтар жан тіркелген. Қалалық еңбек және әлеуметтік бөлімінің мамандары олардың бәріне көмекші беруге мүмкіндігі жоқ.

Анна Мазаева, мүгедектерді қолдау жобасының әкімшісі:

- Мәселен, кейбір кемтардың жанында көмектесетін адамдары болады. Ал жер үйде тұратындар бар. Оларға көмір әкеліп, от жағудың өзі қиын. Сондықтан осы топқа жазамыз. Бірден қайырымды жандар көмекке келеді.

Интернет қосымшасын жетілдіруге Анна Мазаеваға қаладағы техникалық оқу орындарындағы IT мамандар көмектесіп жатыр. Ал студенттер өздігінен жүріп-тұруы қиын жер үйлерде тұратын жандардың ауласындағы қарды тазалап көмек көрсетеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин