Хабар телеарнасы

Алматы маңайындағы өзендерде су тасу қаупі күшейеді

Осы мезгілде қала маңындағы өзендерде су тасу қаупі жоғары. Қауіп-қатердің алдын алуға қандай дайындық жасап жатқаны жөнінде қалалық ТЖД басшылары айтты. Ведомство қызметкерлері: «Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» – дейді.

Қала  аумағында орналасқан 6 су қоймасы мен 28 өзеннің бесеуі басты назарда. Олар: Ақсай, Қарғалы, Есентай, Үлкен және Кіші Алматы.

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

- Наурыз айына берілген ауа райының болжамына сәйкес орташа ауа температурасы +5 градусты құрайды. Бұл нормадан бір градусқа жоғары.

Жауын-шашынның шамадан тыс болуы, әсіресе Алатау, Наурызбай аудандарында қауіпті. Қалаға кейіннен қосылған бұл аудандарда талапқа сай емес салынған үйлер көп. Мұнда арық канал жүйелері мүлдем ескерілмеген. Ал өзге аудандардың арықтары әдетте қоқысқа толы болады. «Дегенмен су деңгейі көтеріле қалған жағдайда, біз оған дайынбыз», – дейді төтенше жағдай қызметкерлері.

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

- Су тасқыны кезеңіне 7328 адам, 1639 техника: 300-і құрал, 107 мотопонда, 137 автономды электростанция, 29 720 қап, 677 тонна құм, 42 тонна дизель отыны және 34 тонна дизель дайындалды. Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың салдарын жоюға Алматы әкімдігі резервінде 5 млрд теңге қарастырылды. Күш пен құралдар су тасқыны кезеңіне дайын.

Қазіргі кезде тауға шығу қауіпті. «Шымбұлақ» тау-шаңғы демалыс орны мен Үлкен Алматы көліне апарар жолда сел жүру қаупі күшті. Жуырда ғана осы жерлерде қолдан 4 тонна куб қар түсірілген. Сондай-ақ брифингте тұрғын үй секторындағы өрт қаупі туралы да айтылды. Өткен жылы қалада шыққан 727 өрттің 413-і тұрғын үй секторында болған. Айтып келмейтін тілсіз жаудың салдарынан көз жұмғандардың 75% газдан уланғандар. Сондықтан соңғы екі аптада 23 мың үйді аралап шыққан төтенше жағдайлар қызметкерлері өздерінің бір күндік жалақыларын улы газды анықтайтын 100 дабыл құралын сатып алуға аударған. Ол көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін орнатылады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Владимир Бовкис, Валентин Лобанов