Хабар телеарнасы

Астанада классикалық шахматтан командалық әлем чемпионаты басталды

Ал бұл спорттан ең алғашқы әлем чемпионаты 1886 жылы өтті. Жаһан интеллектуалдарының тарихында енді Қазақстанның да ізі қалатын болды. 5-14 наурыз аралығында классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер командалары әлемнің үздік спортшысын алғаш рет қазақ даласында анықтайды.

Жансая Әбдімәлік пен Сергей Карякин. Әлемнің үздік гроссмейстерлері бір-біріне қарсы. Мұндайды әрине, ресми турнирлерде көру мүмкін емес. Өйткені ерлер мен әйелдер тәртіп бойынша бір-біріне қарсы ойнамайды. Бірақ шахматшылардың жаттығуына ол кедергі емес.

Алайда жылдам шахматтан әлем чемпионы Ресей құрамасының үздігі Сергей Карякинге 14 жасында гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік ұтылып қалды. «Дегенмен ұлттық құрамамыздың көшбасшысы шынымен де мықты спортшы», – дейді Сергей Карякин.

Сергей Карякин, гроссмейстер, шахматтан Ресей ұлттық құрамасының мүшесі:

- Жансая жақсы ойнады. Сәл сәттілік жетіспеді. Партияны тең аяқтауына болар еді. Ол ертең басталатын чемпионатта жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын. Мен өзім әрине, Ресей құрамасына жанкүйер боламын. Бірақ бүгін Жансаямен танысқаннан кейін оның жеке жанкүйеріне айналдым.

Айта кету керек, классикалық шахматтан командалық әлем чемпионаты Қазақстанда тұңғыш рет өткелі отыр. Оған 14 елдің үздік спортшысы қатыспақ.

Жансая Әбдімәлік, гроссмейстер, шахматтан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

- Әлем чемпионатын өз жерімізде өткізу – біз үшін үлкен құрмет. Жарыс қожайындары ретінде жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Мұндай турнирлерде әр шахматшының өз дәстүрі бар. Мысалы менде бұрындары арнайы қаламсабым болған. Онымен әрдайым үздіктердің қатарында көрініп жүрдім. Ал енді қазір тәртіптер өзгерді. Өз затыңды әкелуге болмайды, барлығын ұйымдастырушы федерация береді. Себебі технология дамыған заманда түрлі көмекші құралдарды алып келуің ғажап емес.

Әлем чемпионатында ұлттық құрамаға артылған жауапкершілік жоғары. «Нәзік жанды гроссмейстерлеріміз үздік бестіктен көрінуі керек», – деп топшылайды Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Жандос Әбішев.

Жандос Әбішев, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті:

- Егер ұл-қыздарымыз бұл жарыста бар күшін салып ойнаса, жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын. Әйелдер құрамасы үздік бестікке ілігуі тиіс. Одан жоғары болса, тіпті жақсы. Ал ерлер құрамасы қазір рейтингте соңғы, 9-орында. Енді осы турнирде 7-ші, 8-шіге көтерілсе, мардымды болады.

Жаһандық дода ертең басталып, 14 наурыз күні аяқталады. Әзірге отандастарымыздың қарсыласы белгісіз. Ол жеребе тарту рәсімінде бірақ анықталады.

Авторлары: Риат Шони, Дәурен Жұрхабаев