Хабар телеарнасы

Сахна өнерпаздары бозкілем үстінде белдеседі

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында танымал әншілер, актерлер мен айтыскер ақындар қазақша күрестен сынға түсіп, араларындағы мықтыларын анықтайды. «Өнер барысы» атты жоба «Хабар» Агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылғалы отыр.

Иә, чемпиондар жайлы ән айтқан Қайрат Нұртас енді өзі спорттық бәсекеде күш сынаспақ. Белгілі әнші – наурыздың 21-і күні өтетін «Өнер барысы» додасының қатысушысы. Бұдан бөлек кинода батырлардың рөлін сомдаған Артур Төлепов, Еркебұлан Дайыров, Асылхан Төлепов сынды актерлер де өз кейіпкерлері секілді қара күш иесі екендіктерін дәлелдемек.

Балғынбек Имашев, ақын, «Өнер барысы» жобасының авторы:

- Сырға таққан, шаш бояған, ыңырсыған, жабысқақ денесін көрсетіп тұратын киім киіп, тыртың-тыртың етіп билеген өнер адамдары біздің жастарымызға үлгі болмасын. Біздің жастарымызға үлгі болатын шынымен білекті, жүректі, ер мінезді, отбасына ие бола алатын азаматтар қылып тәрбиелеуіміз керек. Сондай идеядан шыққан негізі.

Айта кету керек, қатысушылар арасында кәсіби спортшы жоқ. Танымал тұлғалар татами төріне бала кезінде ғана шыққан. Сол себепті іріктеуден іркілмей өткендер үш айдан астам уақыт бойы спорт залда шынығып жүр. Олардың арасында белгілі пародист, «Өнер қырандары» театрының актері Сырымбет Бибосынов та бар.

Жарысқа қатысушы өнерпаздардың дайындықтары қызу. Барлығы да бір-бірін тізе бүктіремін деп қамданып отыр. Ереже бойынша белдесуге 16 мен 36 жас аралығындағы өнер адамдары қатыса алады. Олар 74 келіге дейін және 75-90 келі аралығындағы салмақта күш сынасады.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

- Кейбіреулері ойлауы мүмкін, танымал азаматтарға жеңілдіктер жасап, күреске ұқсас пародия болуы мүмкін деп. Ондай ойдан ада болуын сұраймыз. Өйткені барлығына талап ортақ. Ұлттық құндылықтарды сөзбен емес, іс жүзінде насихаттау қолға алынған. Оны жасөспірімдердің арасында, ғаламторда насихаттап, кең таратудың бірден-бір тиімді құралы болады деген ойдамыз. Дәл осындай жобалар бізге керек. Сол себептен де «Хабар» Агенттігі қолдап отыр.

Танымал тұлғалар арасындағы «Өнер барысы» жарысы наурыздың 21-і күні «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Басталу уақыты: 14:00. Сонымен қатар бұл сайыс «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ал бұл күні уақыты болмаған жандар үшін 23 наурызда турнир қайталанады.

Авторлары: Риат Шони, Ержан Рахманбердиев