Хабар телеарнасы

Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтайтын 6 орталық ашылады

Жылына 14 мың сырқат онкологиялық аурудан көз жұмады. Обырды емдейтін озық технологиялар болмағандықтан, науқастардың көбі елімізде емес, шетелде емделгенді жөн санайды. «Бұл мәселені жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың дәрігерлері шеше алады», – дейді мамандар. Жаңа орталық 2020 жылдың аяғында пайдалануға беріледі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында осы мәселе қаралды.

Мәжілістегі Үкімет сағаты көрмеден басталды. Қатерлі ісікті емдеудің осы заманғы тәсілдері, технологиялар туралы көп айтылды. Елбасы Жолдауында жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салуды тапсырған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі құрылыстың макетін депутаттарға ұсынды.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Ескі Ұлттық онкологиялық орталықтың жанынан жаңа ғимарат бой көтереді. Мұнда 202 адамға шақталған бас стационарлық корпус болады. Онда 1 500 қызметкер жұмыс істейді. Оның 315-і дәрігерлер, 560-ы медбикелер. Құрылыс маусымда басталып, 2020 жылдың аяғына қарай аяқталуы тиіс. Жоба 75 млрд теңге.

Орталықта протондық терапия жасалып, ядролық медицина дамытылады. Жылына 6 мың адам стационарлық ем ала алады. 30 мың пациентке амбулаторлық көмек көрсетіледі.

«Ал жаңа онкологиялық орталық іске қосылғанда бас сүйегі мен бас миының ісігі елде емделетін болады», – дейді мамандар. Үкімет сағатында аты жаман ауруды емдейтін 126 онколог дәрігер жетіспейтіні де айтылды. Осы саладағы ғылыми база да жеткілікті дамымаған. Бірақ соңғы 20 жылда қатерлі ісіктен көз жұмғандар қатары 40% төмендеген. Соның өзінде жыл сайын 14 мың адамның мерт болатыны депутаттардың алаңдаушылығын туғызды.

Мұрат Теміржанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Интернетті қарасаңыз, онкологиялық ауруға душар болған балалардың еміне ақша жинап жатады. Олардың суретін көріп, мәтінін оқысаңыз, жылағың келеді. Егер министрлік сол балаларға ақша бөлуді қарастырса, қаншама адамды аман алып қалар едік.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Елімізде науқастарды шетелге жіберу үрдісі арнайы нормалармен бекітілген. Ол тізімнен артық адамды жіберуге рұқсат етілмейді. Ешқандай ел олай жасамайды. Егер бар қаражатты сонда жұмсасақ, онда отандық медицинаны дамыту мүмкін емес.

Жиында Семейде құрылысы талаптарға сай салынбаған ядролық медицина орталығы бойынша кемшіліктер уақытылы жойылмағаны сыналды. Тіпті жабдықтарын өзге орталықтарға таратып беру де ұсынылды. Бірақ Үкімет сағатына ШҚО-дан арнайы шақырылған облыс әкімінің орынбасары құрылыс басталатынын мәлім етті.

Әсем Нүсіпова, ШҚО әкімінің орынбасары:

- Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұрынғы ғимарат облыстық басқарманың қорғауында. 2020 жылы немесе 2021 жылы құрылыс аяқталуы тиіс.

Қазір жатыр мойны, сүт безі және асқазан қатерлі ісігі көп. Қауіпті дерттің алдын алу үшін скринингтен өту жасы ұзартылған. Депутаттар әр өңірдің мәселесін шешуді тапсырды.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Есбол Жәмшитов