Хабар телеарнасы

Алматы қаласында Наурызға арналған мерекелік керуен өтті

Мегаполистің мыңдаған тұрғыны ұлттық киім киіп, қаланың ең басты көшелерімен жүріп, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамындағы негізгі шаралардан хабардар ету.

Қыдыр ата мен Жер Ана бастаған мерекелік шеруге мәдени мекемелердің қызметкерлері, студенттер, саятшы, бүркітшілер мен тазы баптаушылар және қала тұрғындары қатысты.

Абай даңғылының бойындағы Қазақ мемлекеттік циркінен басталған бұл көш 4 шақырымға жуық жер жүріп өтті.

Қайрат Тарбаев, қала тұрғыны:

- Жүрген жолды есептемейміз, мына ең бастысы мерекелік көңіл-күй. Мереке құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Қазақ елінде тыныштық пен береке болсын!

Бақыт Бөкебаев, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры:

- Шерудің мақсаты – орталық алаңда басталатын үлкен мерекенің шарасын дәріптеу, шашу тарқатып, ата-бабамыздың дәстүрі бойынша ақ дәмінен тарту етіп, келген қала қонақтарының, қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеру.

Өзінің әдемі сән-салтанатымен Абай атындағы опера және балет театрының алдына келіп тоқтаған көшті қала тұрғындары мен қонақтары ұзаққа дейін жібермей, олармен бірге суретке түсіп жатты. «Бұл шара дәстүрге айналсын» деген тілектерін де білдірді.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев