Хабар телеарнасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы жастарымен кездесті

Алматылық жастар Тұңғыш Президентті әуежайдан қарсы алып, оның Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында атқарған еңбектері, жастарға жасаған игі бастамалары үшін алғыс білдірді.

Алматы әуежайына жиналған екі мыңға жуық студент Тұңғыш Президенттің ұшағын тағатсыздана күтіп тұр. Себебі олардың көбі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш рет жүздеспекші. Жастар жылында Алматы студенттерімен кездескен Нұрсұлтан Әбішұлы жас ұрпақтың алдында тұрған ең басты міндет ел тәуелсіздігін нығайтып, экономикасын дамыту екенін тағы бір ескерді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Менің айтатыным, бақыттысыңдар! Мынадай Алматы сияқты керемет қалада оқып, білім алып жатырсыңдар. Бәріміздің Отанымыз біреу. Ол – Қазақстан. Бәріміздің жеріміз біреу. Ол – қазақ елі, ұлы даламыз. Бәріміздің істейтін шаруамыз – тәуелсіздікті сақтап қалу. Бәріміздің ойымыз – бақыт, денсаулық. Баршаларыңа шын жүрегіммен жарқын болашақ, зор денсаулық тілеймін!

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» арқылы осы жылдан бастап қалада білім гранттары 1,5 есеге өсіп, 28 мыңға жетті. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылардан шыққан үздік оқушылар мен студенттерге арнайы стипендия тағайындалды.

Турал Мәмедов, 1-курс студенті:

- Ол кісінің бізге қаншалықты қолдау көрсеткенін барлығымыз білеміз. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым жастардың жанында болып, қолдау көрсеткен. Гранттардың қалай бөлінетіні немесе жыл сайын олардың саны көбейетіні, оның барлығы соның ашық және жақсы дәлелі.

Мағжан Отантаев, G-38 студенттік ұйымының өкілі:

- Бүгінде ЖОО-дағы жатақхана мәселелері жақсы күйде шешіліп жатыр. Әр университеттің жанынан жаңадан жатақхана салынып, жас отбасыларға жеңілдікпен несие беріліп жатыр.

Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада жастардың Лофт-орталығы жұмыс істеп, ескі кітапханалар қайта іске қосылды. Сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық азайып, өтініш тастағандардың 91% еңбекпен қамтылды.

Дарья Кислицына, 1-курс студенті:

- Елбасына алғысым шексіз. Біз бейбіт қоғамда өмір сүріп жатырмыз. 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Бүгінгі таңда жастар көп мүкіндікке ие болып отыр. Ипотекаға пәтер алу жеңілдеді. Білім гранттары көптеп бөлініп жатыр.

Бақтияр Сәбденәлиев, университет қызметкері:

- Алматы қаласы – тәуелсіздіктің алтын бесігі, студенттер қаласы. Жастарға деген қамқорлығы мен назары үшін алғыс айтуға жиналып отырмыз.

Бұл Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін күтпеген, тосын кездесу болды. Бірақ жалындаған жастардың көтеріңкі көңіл-күйін көрген ол жастармен бір арнада сөйлесіп, ән де шырқады.

Кездесу соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жастарға өз батасын беріп, оларға үлкен сенім артатынын айтты.

Авторлары: Алуа Маханбет, Асқар Серғалиев, Эдуард Кон