Хабар телеарнасы

«Бақытты отбасы» бағдарламасымен жағдайы төмен жанұялар баспаналы болды

Көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінде өскен жастар пәтер алды. Салтанатты рәсімге Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты. Сондай-ақ партияның облыстық филиалының конференциясы өтіп, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жасалған жобалар жан-жақты талқыланды.

Гүлжанар Бейсенбаева Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына келді. Жалғызбасты ананың жұмыс іздегеніне біраз болыпты. Баласының денсаулығына да алаңдап, арнайы интернатқа орналастырғысы келеді. «Халыққа көмек» жобасымен бір жерде қабылдау жүргізіп отырған мамандар бұл анаға көмек беретін болды. Баласы оңалту-сауықтыру орталығына қабылданса, өзі сауда орталығына жұмысқа орналасты.

Гүлжанар Бейсенбаева, қала тұрғыны:

- Өзім жұмыс істейін десем, баламен шыға алмаймын. Ата-анам жоқ. Сол баламның интернаты және үй мәселесі мазалайтын. Себебі өзім пәтер жалдап тұрамын. Жалақым төмендеу, жетпейді. Баламның киімі бар, жолақым бар. Сол себепті көмек сұрап келдім.

«Халыққа көмек» жобасы – жаңа бастама. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде мемлекеттік органдардың мамандары, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастық өкілдері отырады. Яғни, талап-тілегін айтқысы келген тұрғын бір жерден жедел көмек алады. Одан бөлек, әлеуметтік желі мен электронды қызмет арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Жан-жақтан түскен өтініштердің 30% бірден шешімін табады.

Ал «Бақытты отбасы» жобасы біраз жанға қуаныш сыйлап үлгерді. «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданынан жағдайы төмен отбасыларына жеңілдікпен баспана беріле бастады. Бірі, тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы алса, енді біріне арендалық пәтердің кілті берілді. Жалпы облыста 23 мың шаршы метр жалдамалы үйдің құрылысы басталды. Оның 60% осындай отбасыларға беріледі.

Дәурен Көшербаев, I топ мүгедегі:

- Бала-шағам, отбасым бар. 2010 жылдан бері кезекте тұрдым. Осы уақытқа дейін айына 35, 40, 50 мың төлеп, пәтерде тұрып келдім. Рахметім шексіз.

Партия ерекше назарды қажет ететін жандардың жағдайын да ұмытқан емес. «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Ақтөбеде ашылған коворкинг орталығында осындай жандар өздерінің әлеуметтік жобаларын іске асырады.

Ұйымның облыстық филиалы конференциясында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар жан-жақты талқыланды. Ал партия төрағасының бірінші орынбасары алға қойған міндеттерді тиімді іске асыру үшін жұмыла жұмыс істеу қажеттігін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Нәтижелі жұмыс істеуіміз керек. Елбасы бізге съезде нақтылап тұрып берген тапсырмаларын біз жүйелеп, бәрін жақсылап қарап, сараптап, осы 5 бағытқа топтастырдық. Сондықтан осы бағыттар бойынша біз алдағы уақытта жұмысымыздың нәтижесін халыққа, Елбасыға көрсетуіміз керек.

Партия төрағасының бірінші орынбасары сапарын Қобда ауданында жалғастырып, бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Ауылдағы ІТ кабинеті мен «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жұмысын көрді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев