Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы одан әрі беки түспек

Бұл күндері Мәскеуде Қазақстан Президентінің сапарына қызу дайындық жүріп жатыр. Көрші ел жоғары деңгейдегі бұл кездесуге баса мән береді. Ақорда мен Кремль арасындағы алдын ала уағдаластық бойынша осы жолы бірқатар құжаттарға қол қойылады.

Ресей астанасы Мәскеудің Қызыл алаңында әдеттегідей саяхатшылар көп. Әрісі Америка, берісі Қытай сан түрлі ұлттың өкілі шекаралас көршіміздің туристік әлеуетін тамашалауға келген. Кремльге деген олардың қызығушылығы ерекше. Ресей президентінің басты резиденциясында қазір дайындық қызу. Себебі мұнда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келеді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей тарапы үшін таңсық тұлға емес. Мемлекет басшысы Сенат төрағасы болған кезінде бірнеше рет сапармен келген. Оның үстіне сонау 1970 жылдары Мәскеу мемлекеттік xалықаралық қатынастар институтын бітірді. Сондықтан болса керек, Ресей президенті Владимир Путин – Қасым-Жомарт Тоқаевты қызметке кірісуімен құттықтап, Мәскеуге арнайы сапармен келуді ұсынғандардың бірі.

Сапардың мәртебесі ресми болғандықтан, екіжақты кездесу өтеді. Оның барысында құны қомақты бірнеше келісімшартқа қол қойылуы тиіс. Жалпы ресейлік сарапшылар: «Бұл жоғары деңгейдегі кездесуде көптеген жайттың жай-жапсары белгілі болады», – дейді.

Дмитрий Журавлев, аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

- Қазақстан мен Ресей президенттері алдымен жеке қарым-қатынасын жақсы жолға қояды деп ойлаймын. Cебебі Владимир Путин негізінен Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп келді. Саясатта бұл өте маңызды. Әріптестігіміз жан-жақты дамыған. Ол сол бағытта өрби беруі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин өзара сенім негізін қалыптастыруы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы сапарларын алдымен Ресейден бастау туралы шешім қабылдауы бекер емес. Бұл елмен ежелден мәдени байланыс қалыптасқан. Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президент салған сүрлеу де бар.

Дмитрий Журавлев, аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

- Қазақ елі – ХХ ғасырдағы Австрия секілді маңызды рөлге ие. Бұл мемлекет батыс пен шығысқа тең дәрежеде серіктес болды. Қазақстан да бүгін әлемдік қауымдастықта осындай саясат жүргізіп келеді. Ол тек мүдделер емес, өзара сенім нүктесіне айналды. Оны Ресей, АҚШ, Еуропа және Араб мемлекеттері де қолдайды.

Қазақстан – Ресейдің тек шекаралас көршісі емес, Орталық Азиядағы басты серіктесі. Екіжақты тауар айналымы 17 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Өткен жылы көрсеткіш 7,2% жоғарылаған. Бұл ретте, Қазақстанның экспорты – 5,2 млрд АҚШ доллары. Қалғаны елімізге Ресейден импортталатын тауарлардың еншісінде. Біз үшін Ресей нарығы экономикалық тұрғыда тиімді. ЕАЭО шарттары бойынша мұнда кедергісіз тауар жеткізіп, кейін Еуропа мемлекеттеріне де жөнелте аламыз. Ресей билігі ғана емес, қоғамы да Қазақстанда болып жатқан өзгерістерден хабардар. Ресми сапар қарсаңында қарапайым ресейліктердің де пікірін білген едік:

- Нұрсұлтан Әбішұлы сарабдал саясат жүргізді. Жаңа Президенттің келуімен арадағы достық сол күйі сақталады деп ойлаймыз. Бұл сапардың астарында көптеген мән бар. Сондықтан асыға күтіп отырмыз.

- Қос елдің халқы достық сипатта өмір сүре беруі қажет. Қазақстан бізге қашанда көмек қолын созып келді. Барлығы жақсы болады деген үміттеміз.

- Байланысымыздың нығая беруін тілеймін. Арада ешқандай мәселе туындамағанын қалаймыз. Біздің және сіздердің Президенттеріңізге осы жолда сәттілік серік болсын!

Екіжақты экономикалық байланыстың тамыры тереңде жатыр. 2005-2018 жылдар аралығында Ресей экономикасына құйылған қазақстандық тікелей инвестиция 3,8 млрд АҚШ долларына пара-пар десек, керісінше елімізге Ресейден тартылған тікелей инвестиция 12,9 млрд АҚШ долларына тең. Бұл көрсеткішке Қазақстанда жұмыс істейтін 9 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын зор үлесін қосып келеді. Арадағы қарым-қатынасқа жаңа серпін беруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ниетті екенін таяуда мәлім етті. Оның алғашқы сыртқы сапарына осынша маңыз берілуі сондықтан.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков