Сюжеттер

Терминдерді бекіту жұмысында жүйелілік жоқ

Терминдерді бекіту жұмысында жүйелілік жоқ

Музей ме, әлде мұражай ма? Гимн бе, әлде әнұран ба? Дұрысы қайсысы?

20 жылда 5 мәрте бекітілген терминдер бар. Халық оң қабылдаған аудармалардың қайта өзгертілуіне не себеп? Бұл мәселе Парламент Мәжілісінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда талқыланып, тіл саясатын жетілдіруге бағытталған қарар қабылданды.

Терминдерді ұсыну мен бекіту жұмысында жүйелілік пен бірізділік әлі күнге дейін жетіспейді. 90 жылдары орыс тілінен енген сөздер қазақ тіліне аударылып, терминологиялық қорымыз артқан еді. Бірақ бертін келе біраз терминдерді қайтадан ауыстыру белең алды. Халық дұрыс-бұрысын білмей дал.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қателіктерді түзеткен жақсы. Мысалы, музейді мұражай деп алғанымыз болды. Алдық, біраз жылдан кейін түзеттік. Өйткені музей деген тек мұраны сақтап қоятын жай емес.

Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Аукционды біз кеңес заманында «аукцион» деп келдік. 90 жылдардан бастап бұған «бәссауда» деген термин  қолданысқа енді. 2014 жылы қайтадан ауысты. Гимн де солай. Қазақтың, тұтынушылардың басын қатырып, бір терминді орнықтыруға ешқандай мүмкіндік бермейміз.

Терминологияға бұлай қарау саладағы жұмыстың жолға қойылмағандығын, істің ғылыми, кәсіби тұрғыда жүргізілмей отырғандығын айғақтайды. Ал соның салдарынан тұрақты қолданылатын ұлттық ғылыми терминологиялық қор қалыптаспай отыр. Әрі қазақ тілі  ғылым мен теxнология саласында, заң шығару жүйесінде кеңінен қолданылмайтындығы жасырын емес.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шыны керек, бізге заңның екі нұсқасын алып келгенде, көбіне орыс тілді нұсқасын оқып жатамыз. Неге? Заң жазу кезінде алдымен ресми тілді қолданып отырдық та, қазақ тілі аударма ретінде қалып қойып отырды.

Әлі күнге дейін заңнан бөлек, өзге де маңызды құжаттар әуелі орыс тілінде жазылады. Ал тәржімаланған мәтінде бір сөздің бірнеше аудармасы қолданылатындықтан, түсініспеушілік туындап жатады. Мәселені түбегейлі шешу үшін терминологиялық сөздіктерді шығару жоспарланып отыр.

Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:

- 2020 жылы бастауыш мектептен бастаймыз. 2022 жылы орта және кәсіптік білім, 2023 жылы жоғары оқу орындары деңгейінде 20 қалың қоғамдық ғылым бойынша салалық терминологиялық сөздік бітеді.

2024 жылы 15 салалық теxника ғылымы бойынша сөздіктер дайындалып, 2025 жылы тіл реформасын толық аяқтау көзделген. Ал әлеуметтік желілерде келекеге айналған балконның – қылтима, фонтанның – шаптырма, диван-креслоның – былқима-сылқима сынды аудармалары терминком тарапынан бекітілмек түгілі қаралған да емес.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Нұрлан Оспаналы